Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуі тиіс. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту керек деген Мәжіліс депутаты, бүгін Үкімет басшысына осындай сауал жолдады. Қазыбек Исаның айтуынша, еліміздегі 19 миллиондай халықтың 78 пайызы қазақ. Бірақ жұртқа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етуде дейді мәжілісмен. Сол үшін соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керек. Әрі тілді меңгеру деңгейін анықтау жүйесін енгізіп, заң актілерінен бастап өзге де ресми құжаттардың негізгі нұсқасы қазақ тілінде жазылуы тиіс.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей оны үйрену де сондай мүмкін емес. Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан да, биыл Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті»-деп нақты атап көрсетіп берді.
Досжан Маратұлы