Қостанайда көктайғақ болып, мектептерде сабақ тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда көктайғақ болып, мектептерде сабақ тоқтады

03.02.2021

Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласты. Соның кесірінен жолдар жабылып, мектептерде сабақ доғарылды. Қостанайда бір күнде 50-ге тарта адам жарақат алды. Ал Батыс Қазақстанда еріген қар мен жаңбырдың мұз болып қатқан салмағынан электр сымдары үзіліп, бірнеше елді мекен жарықсыз, сусыз қалды.

Қалың тұман мен көктайғаққа байланысты Батыс Қазақстанда республикалық жолдар жабылды. Әсіресе Атырау, Ақтөбе, Самара жаққа бағыт алған көліктер Оралдан шыға бере кері қайтарылды. Мақсат оқыс оқиғалардың алдын алу. Бұған қоса күннің күрт жылуы 7 ауданның халқына жайсыз тиді. Оның ішінде 13 ауылда электр сымдары үзіліп, жарық өшсе, 5 елді мекен сусыз қалды. Арнайы құрылған комиссия қанша баған құлағанын анықтау үшін оқиға орнына аттанды. Мамандардың айтуынша, облыстағы электр желілерінің 80 пайызы тозған. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмауының себебі сол.

Тілек Харин, Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы өндірістік-техникалық қызметінің басшысы:
-2070 абонент, тұтынушы жарықсыз отыр. Бүгінгі уақытта аудандық электр тораптарда 3-4 бригадалар әдейі жасақталған. Техникалармен қызмет істеп жатыр.

Қостанайда да көктайғақ болып, мектептерде сабақ тоқтады. Балалар қашықтан оқуға көшті. Облыстық, республикалық маңызы бар бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Көкайна мұз көшеде тайып құлап, майып болғандар көбейді. Синоптиктер алдағы екі күнде де жылы температура сақталып, тұман мен көктайғақ болады деп отыр. Тек сенбі-жексенбіде ғана аздап аяз көтеріліп, қар жауып бұрқасын соғуы мүмкін.

Дәуренбек Әбдібек Рауан Диали


Хабарламаларға жазылу