Биылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтары біріктіріледі. Яғни екі түрлі салық бірыңғай төлеммен өтеді. Сонымен бірге көпқабатты үйдегі пәтер иелеріне арналған жер салығы алынып тасталды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін «E-Salyq Азамат» мобильді қосымшасы жасалды. Бұл қосымша мәліметтерді толтырмай салық төлеуге, 2 минут ішінде онлайн режимінде шотқа ақша жіберуге әрі артық төлемдерді қайтаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда салық әмиянын пайдаланушыларының саны 130 мыңнан асады. Ал жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq-business» қосымшасы әзірленуде.