Шымкентте 4 адам газға уланып қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 4 адам газға уланып қайтыс болды

11.12.2017

Шымкент қаласында 56 жастағы әйел және оның үш немересі газдан уланып қайтыс болды. Марқұм болған балалардың ең кішісі 4 жасар. Қалған екеуі 10 және 11 жастағы жасөспірімдер. Қайғылы жағдайға ересектердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болған. Тексеріс кезінде анықталғаны пәтерге қосымша газ қондырғысы талапқа сай орнатылмаған болып шықты. Ең сорақысы - оның мұржасы түтінді дұрыс тартпайтын болған. Пәтерге тараған улы газдан бір отбасының 4 мүшесі тіл тартпай кетті. Жантүршігерлік оқиғаны олардың туыстары арада 3 күн өткен соң ғана білген. 4-қабатта пәтер жалдап тұратын бұл отбасының балалары бірнеше күннен бері аулаға шықпай қойған. Сондай-ақ, туыстары да бірнеше күннен бері олармен телефон арқылы тілдесе алмапты. Төтенше жағдай қызметінің жедел құтқару жасағы мен полицейлер амалсыз пәтердің есігін бұзып кіруге мәжбүр болған. 

Зарипа Тұрысбекова, Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық ІІБ мамандары сот алдындағы тергеу және медициналық сараптама жұмысын жүргізуде.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу