Ашық құдық мәселесі әлі де шешілмей тұр. Жыл басын бері құдыққа құлап, жарақат алған 2 жағдай тіркелді.
Бұл ашық құдыққа құлап, қаза тапқан Бағдәулет Өмірханның анасы. Арада 2 жыл өтсе де жан-жарасы жазылған жоқ. Жалғыз ұлынан айырылған ол әділдік іздеп, барлық есікті тоздырған. Бірақ жауаптылар не кешірім сұрамаған, не жазаға ілікпеген. Тіпті қызметінен де қуылған жоқ деп налиды ана.
Перизат Чиникбаева, ата-ана:-«Астана су арнасының» басшыларын жауапқа тартпағандықтан деп ойлаймын, осы күні әлі күнге ашық құдықтарға адамдар түсіп кетіп жатыр.
Осы істің басы-қасында жүріп, ұлынан айырылған отбасыға жәрдемдескен еріктілермен кездестік. Олар бұл жағдайдан соң қаладағы ашық құдықтарды бақылауға алған. Айтуларынша, мәселе түбегейлі шешілмей тұр.
Айзада Жүсіпова, «Лидер.kz» еріктілер тобының мүшесі:-Міне, мына жерде тұрғын үйлер, тура жанында мектеп. Осы жерде қаншама құдықтар ашық болды. Бағдәулеттің өлімінен кейін де жаппады. Біз шу көтеріп, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қозғаған соң ғана қимылдады. Бірақ қалада ашық құдықтар әлі де көп. Сонда бұл түйткіл шешілу үшін тағы қанша адам зардап шегу керек?
Еріктілердің сөзіне көз жеткізу үшін біз де қаладағы құдықтарды тексеруге 1 күн арнадық. Бетін қар жауып қалған соң, ашық тұрғанын байқамай да қаласың. Дегенмен бірнешеуін таптық, IKomek-ке хабар бердік. Талап бойынша 2 сағат ішінде жабылуы керек еді. Бірақ тек 6 сағаттан соң тиісті шара қабылданды.
Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:-Негізгі себебі ұрлық болып табылады. Ашық құдықтардың тереңдігіне байланысты тор орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, «Астана су арнасы» ШЖҚ МКК кәсіпорын балансында тұрған 46 000 құдықтардан 14 мың құдықтарға, «Астана АЭК» АҚ - 1 700 құдықтардан 1 200 құдықтарға, «Астана Теплотранзит» АҚ – 17 495 құдықтардан 100 % құдықтарға қорғаныш торларын орнаттылды.
Елордада 2018 жылы – 22, 2019 жылы – 10, 2020 жылы – 4 адам ашық құдықтарға құлап кеткен. Сан азайғанымен, қауіп жойылған жоқ. Жаңа жылдың басында-ақ, Қарағанды мен елордада құдыққа құлап, жарақат алған әйелдер туралы ақпарат тарады.
Елорда әкімін жаңадан сайларда Президент бұл мәселеге қатысты қатаң тапсырма берген. Дегенмен толыққанды шешілмей тұрған түйткілді реттегенше әлі қанша жанның жарақат алып, ақтық сапарға аттанары беймәлім.
Ақниет Балтанова