Әлемде үшінші апта қатарынан коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Індеттің таралуы бәсеңдегенімен, жаханда «ковидке» қатысты алаяқтық белең алып барады.
Қытайда коронавирусқа қарсы екпені қолдан жасап сатқан бір топ адам ұсталды. Полиция рейд барысында, жасанды препараттың 3 мыңнан астам дозасын тәркілеген. Қылмыскерлер құты ішіне физиологиялық ерітінді құйып, Қытайда вакцинация тегін болғанына қарамастан, оны қымбатқа сатқан. Кейбір деректердің хабарлауынша, жалған екпенің бір бөлігі шетелге де жөнелтілген. Қазір аталған факті бойынша 80 адам тұтқындалып, тергеу жүргізілуде.
Ал Еуропада тесттің жалған анықтамалары сатылып жатыр. Бұл туралы Еуропа Одағының полиция қызметі хабарлады. Ирландиялық қылмыстық топ «коронавирус анықталмады» деген қағазды саяхатшыларға сатып келген. Өткен жылы Францияда осындай сертификаттан пайда тапқан топ әшкереленсе, Испанияда бір анықтаманы 40 еуроға саудалаған адам тұтқындалды.
Жансая Қапасқызы