Табыс қуған дәмханалар мен ойынханалар полицейлердің қатаң тексерісінен де, қомақты айыппұлдан да аяқ тартатын емес.
Оралда лото-клубқа келушілер полицияны көріп тым-тырақай қашты. Қолға түскендері құқық қорғаушылармен жаға жыртысуға дейін барған. Түнгі 23.00-ден кейін жұмыс істеген мекеме иесіне хаттама толтырылды. Жалпы демалыс күндері өңірде карантин тәртібін бұзған 24 түнгі клуб, кафе, букмекерлік кеңсе мен дүкендер анықталған.
Ал Шымкенттегі «Galaxy Rox» кафесі түн жарымына дейін келушілерге қызмет көрсеткен. Мобильді топ мүшелері кіріп келген сәтте іштегілердің біразы жарықты сөндіріп, жасырынып бақса, енді бірі қаша жөнелген. Бейнекөрінстен залдағы үстелдердің бірде біреуінің бос емес екенін аңғаруға болады. Көңіл көтеруге келгендердің дені жастар. Кафенің ас дайындау бөлмесіне тығылған 40-қа жуық адамды полицейлер сыртқа шығарды. Шектеу талаптарын өрескел бұзған кәсіпкер, қонақ үйдің атын жамылып, астыңғы қабатта ресто бар ұйымдастарған болып шықты.
Атырауда үш күнде карантин талабын бұзған 20-ға жуық кәсіпкерлік нысан анықталды. Тамақтану орындарының басым бөлігі, жұмыс уақытын ұзартып, 50-ден астам адамға қызмет көрсеткен. Жалпы, пандемия басталғалы өңірде 30 мыңға жуық мекеме тексеріліп, 100 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ғани Қалмаханов