Елімізде медицина қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы екпе егу жалғасуда. Жанама әсері болды деп әзірге шағым жасаған ешкім жоқ. Ал дәрігерлер «вакцина -індетке қарсы ең тиімді әрі жалғыз тәсіл» екенін ескертіп, алыпқашпа әңгімелерге ермеуге шақырады.
Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Алыпқашпа әңгіме көп. Салдыртпаңдар, чипизация болып жатыр деген. Оның бәрі бос сөз. Ұзақ мерзімді ауруы болмаса, егер жасы, бәрі келіп тұрса, онда вакцинация жасатқан жөн.
Аида Омарбекова, медициналық орталықтың директоры:
Мен бүгін коронавирусқа қарсы екпе қабылдадым. Вакцина салдыртқан соң 30 минут дәрігердің қарауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, температура жоқ, екпенің орны да ауырған жоқ. Бірден жұмысқа шықтым. Әріптестерім де кезек-кезек екпе қабылдап жатыр. Бәрі ерікті түрде.
Ақниет Балтанова