Биыл елімізде халық санағы өтеді. Санақ онлайн және үйді-үйді аралау арқылы жүргізіледі. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтты.
«Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешімімен халық санағы биыл өтеді. 2021 жылғы жаңа санақтың ерекшелігі – заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен процесті автоматтандыру.
Халықтан мәлімет жинау екі түрлі тәсілмен жүргізіледі. Біріншісі – https://sanaq.gov.kz/ арнайы сайтында интернет-сауалнама жүргізу, Бұл виртуалды көмекші арқылы респонденттер қай жерде орналасқанына қарамастан дербес санақтан өтуге және өзі мен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді.
Екіншісі – санитарлық нормаларды сақтай отырып үй-үйді аралау. Дәстүрлі формат онлайн режимде санаққа қатыспаған тұрғындар үшін қолданылады», - деді ол Үкімет отырысында.
Айтуынша, халық санағын жүргізетіндер үй-үйді жаппай аралау кезінде электронды планшеттерді пайдаланады. Кейін пленшеттер сол өңірдегі мектептерге беріледі. Үй-үйді аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі.