Шығыс Қазақстанда мал дәрігерлері жалақысыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда мал дәрігерлері жалақысыз қалды

01.02.2021

Шығыс Қазақстанда мал дәрігерлері соңғы 3 айдан бері жалақысыз отыр. Облыс бойынша ветеринария саласында барлығы 1500-ға жуық адам жұмыс істесе, соның жартысына жуығы айлық алмаған. Еңбекақыдан бөлек, олардың материалдық-техникалық жағдайы да мәз емес.

Қатон-Қарағай ауданының Белқарағай ауылындағы мал дәрігерінің жұмыс орны осы. Ғимараттың әбден тозығы жеткені ішінен де, сыртынан да көрініп-ақ тұр. Көмір тасып, пеш жағуға, ескі үйді жамап-жасқауға да ветеринар өзі жауапты.

Сайран Оқасов, Белқарағай ауылдық ветеринариялық пункт меңгерушісі:
-Соны өзіміз шамамыз келгенше жөндегенбіз. Енді жалақы бермегеннен кейін бәрі қаражатқа тіреледі. Не бала асырауды білмейсің, не үкіметтің жұмысын істеуді білмейсің. Сүйіп істеген жұмысымның беделі кетіп қалғанына өкінемін.

Сайран Оқасовтың ветеринария саласында еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Былтыр жұмыс істейтін мекемесі ауданнан облыстық басқарма қарамағына өтті. Жалақының кешігіп жатқаны да содан дейді, басшылары.

Рақымғали Бәйгереев, «Қатон-Қарағай-вет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры:
-Қараша айында барлық ветеринария қызметкерлеріне 50 мың теңгеден төлеп бердік. Одан кейін желтоқсан айында ешкімге бір де тиын төлеген жоқпыз. Қаңтар айында енді 2021 жылдың қаржыландыруын тосып отырмыз.

Тек бір Қатон-Қарағай ауданы бойынша мал дәрігерлері алдындағы еңбекақы қарызы 8 миллион теңгеден астам. Қараша айынан бері Шығыс Қазақстандағы ветеринарлардың көбі жалақыға жарымай жүр. Материалдық-техникалық жағдайлары да көңіл көншітпейді.

Аманжан Тоқтағанов, мал дәрігері:
-Егер шетелге экспортқа ет шығарамыз, мал басын көбейтеміз десек ең бірінші біз осы малдың қасында жүрген мал дәрігерлерінің қамын ойлауымыз керек. Олардың жағдайын жасап, еңбекақысын көтеруіміз керек.

Мысалы, жергілікті әкімдікке қараған кезде ветеринарлық санитардың еңбекақысы 42500 теңге болған. Ал былтыр жалақы қоры өсіп, бұл сома 74 мың теңгеге әрең жетті. Ақшасы аз, жұмысы ауыр болғандықтан қазір өңірдегі ветериналардың көбі - зейнеткерлік жаста. Ал жастар бұл салаға баруға құлықсыз.

Шығыс Қазақстандағы мал дәрігерлерінің жалақысы қатысты жаңа мәлімет келіп түсті. Облыстық ветеринария басқармасы хабарлағандай, қажетті қаражат бөлініп, бүгіннен бастап аудандағы ветеринарлар еңбекақысын ала бастаған.

Берік Көшербай




Хабарламаларға жазылу