Бүгін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният екпені бірінші болып салдырды.
«Спутник V» вакцинасын салдыруды бас санитар өзі бастап берді. Ресейдің өнімі.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары да осында. Ажар Ғиният алдымен медициналық тексерістен өтті. Келісімін қолтаңбасымен растады. Енді екпе егуге кедергі жоқ.
Ескерту мұнымен бітпейді. Алғашқы жарты сағат міндетті бақылауда болады.
Бүгін егу ел бойынша індеттің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінен басталды. Өйткені, олардың коронвирусты жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары. Дегенмен, ешкімді мәжбүрлеу жоқ. Әркімнің өз еркінде. Әзірге Ресейдің, сосын 15 ақпаннан Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндіріліп жатқан вакцина қосылады. Бастапқыда 112 мың, наурызда - 150 мың, кейін ай сайын 600 мың дозасы жеткізілмек.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:Бүкіл республика бойынша 1500-нан астам медицина қызметкерлері бүгін вакцина алып бастайды. Өйткені әрбір медицина қызметкері түсінеді. Біріншіден, жұмыста, өздерінің әріптестерінің арасында қауіпсіздік туғызбау керек өзінің денсаулығыменен. Сонымен қатар, өзіміздің пациенттеріміздің денсаулығыныда зиян болмауымыз керек.
Ал жалпы, бүгін елорданың өзінде 300-ге жуық медицина қызметкері вакцина салдырды. Оның қатарында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов та бар.
Ел іші екпеге екі ойлы. Бірақ жауапкершілікті министрлік өз мойнына алып отыр.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер:Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Екпе алған адамның жағдайы барлық кезеңде емдеу мекемелеріне жүктеледі. Әрине, денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды жеке қарастырады. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының жанынан арнайы комиссиялар құрылады.
Асима Нұрбайқызы, тілші:Вакцинаның күші 1 жылға дейін жетеді. Жұрт ақысыз салдырады. Екпеден тапшылық болмайды. Егер халықтың жартысынан көбі қабылдаса ұжымдық иммунитет қалыптасады. Демек, қауіпсіздік өз қолымызда деп отыр мамандар.
Асима Нұрбайқызы