Қарағанды облысында тұрғын үйден өрт шығып төрт адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тұрғын үйден өрт шығып төрт адам қайтыс болды

16.11.2017

Қарағанды облысының Шахтинск қаласы маңындағы Долинка кентінде үйлердің бірінен өрт шығып, 4 адам қайтыс болды. Құтқарушылар келгенге дейін учаскелік инспектор жалын арасынан үш жастағы сәби мен 1954 жылғы ер адамның мүрдесін алып шыққан. Бұдан бөлек, ес-түзсіз күйдегі кәмелеттік жасқа толмаған екі баланы дереу ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, дәрігерлер олардың өмірін арашалап қала алмады. Тілсіз жау ескі барақ үйдің 70 шаршы метр аумағын шарпыған. Ал, бұдан бір күн бұрын Қарағандыда Бұқар жырау даңғылындағы 31-ші үйдің 18-ші пәтерінен өрт шыққан болатын. Сөйтіп, бір отбасы баспанасыз қалды. 

Жанна Дәуренбекова, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Оқиға орнына келген жедел жәрдем дәрігерлері бір бала мен ер адамның қайтыс болғанын белгіледі. Тағы да екі бала Долинкадағы емханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ, өкінішке қарай, олар көз жұмды. Өрт-сынақ зертханасы мамандарының болжамы бойынша өрт ашық от көзінен болған. Қарағанды қаласындағы Бұқар жырау 31-ші үйде болған өртте қаза тапқандар болған жоқ.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу