Анталияда апатқа ұшыраған қазақстандық азаматша есін жиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анталияда апатқа ұшыраған қазақстандық азаматша есін жиды

06.11.2017

Түркияның Анталия қаласында апатқа ұшыраған қазақстандық азаматша есін жиды. Бұл туралы зардап шегушінің туысқаны Гауһар Жаманкеева жаңа ғана арнамызға арнайы хабарлады. 4 қараша күні қарағандылық Меруерт Дуғанованы Анталиядағы жаяу жүргіншілер жолында көлік қағып кетіп, ауыр дене жарақатын алған. Жергілікті жеке меншік клиникалардың біріне жеткізілген науқас екі күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр.

21 жастағы Меруерт Дуғанова бастан қатты соққы алған. Түркиялық дәрігерлер оң жақ ми  сүйегіндегі ұйыған қанды алып, жедел ота жасады. Екі күннен бері ішкі ағза зақымы емделушінің өміріне қауіп төндірген еді. Енді туысқан әпкесінің айтуынша, жерлесіміздің беті бері қарапты. Десе де, бұл дертінен түбегейлі айыққанның белгісі емес. 

Гауһар Жаманкеева, М.Дуғанованың әпкесі:

- «Бас жарақаты болғандықтан, емделуі өте ұзақ процесс», деп отыр дәрігерлер. Түркиялық мамандар медициналық сақтандырудағы қаржы біткенге дейін емдейді. Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі, Сыртқы істер министрлігі сіңілімнің аяқтан тұрып, оңалып кетуіне қолдау танытса дегім келеді.

Әпкесінің айтуынша, теміртаулық Меруерт Дуғанова – отбасындағы жалғыз қыз. Мамандығы экономист болса да, шығармашылықпен айналысқанды жақсы көреді. Ізденімпаз ару бұл жолы Түркияға «тіл үйренемін» деген мақсатпен әпкесінің үйіне қонаққа барған. Алайда, 3 апта өтер-өтпес қайғылы жағдайға душар болады. Қазіргі уақытта Меруертті қағып кеткен күдіктіге  қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ержан Мұстафин, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің кеңесшісі:

- Медициналық қызметті өтеу кінәсін мойындаған соң көлік жүргізушісіне жүктеледі. Ол тұтқынға алынғаннан бері уақытша ұстау изоляторында отыр. Тиісті тергеу процедуралары жүзеге асырылу үстінде. Қазақстанның Анталиядағы Консулдығы бұл мәселені қатаң бақылауда.

Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, Меруерт әзірге Түркияда емделеді. Денсаулығы оңалып, жол жүруге жараған кезде ғана Қазақстанға жеткізу амалдары қарастырылмақ.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу