Қазақстан латын әрпіне екі жылдан кейін ғана көше бастайды. Жаңа әліпбидің кезекті нұсқасы дайын. Бүгін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Жаңа әліпби жазуға және оқуға ыңғайлы болуы тиіс. Мамандар әлеуметтің әр тобымен санасты. Сөйтіп, 4 жыл бойы латын графикасына көшу үрдісі әбден сұрыпталып, енді міне тағы бір нұсқасы ұсынылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:-Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек.
Латын қарпіне ауысудағы басты қағида – «бір дыбыс – бір әріп». Яғни, қазақ тілінің жазу дәстүріндегі талапқа негізделген. Қазіргі нұсқада қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Сонымен қолдыныстағы әріптер былайша диакритикалық таңбалармен беріліп отыр.
ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū), ғ(ğ), ш(ş)
Әліпбиді жетілдіру жолында қазақ тілінің емле ережелері сақталған. Әрі пернетақталарда әріптердің орналасу тәртібі де қаралды.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:-Бұл жоба ғылыми талқылауларда жетілдірілген, ұшталған, нақтыланған жоба деп білемін. Сол себептен осы үдерістердің ішінде жүрген азамат ретінде ғылыми мекемелердің ғалымдары дайындаған әліпбидің осы нұсқасын және оның емле ережелерін қолдау керек деп санаймын.
Ерлан Сыдықов Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:-Қоғамда талас тудырған кейбір әріптер әбден жетілдіріліп, көз бейне жад салыстыру қалпында салынып, жан-жақты талданды. Қазақ әліпбиінің түк тамырындағы табиғилық, жасампаздық негіздері ескерілді. Жаңа әліпби жобасы білім алушылар мен білім берушілердің ортасында ғылыми шығармалық үдерістен жақсы өтті деп білемін.
Жаңа әліпби бірден қолданысқа енбейді. Кезең-кезеңмен көшеді.
Нысаналы Ығыл, тілші:Латын қаріпіне көшу 2023-тен 2031 жыл аралығында жүзеге асырылады. Ендігі міндет халық арасында кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Үкімет басшысы жауаптыларға осыны тапсырды.
Нысаналы Ығыл