Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған ауыл тұрғыны ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған ауыл тұрғыны ұсталды

28.01.2021

Қарағанды облысының 40 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Аймақтағы Полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен қыздың аяғы ауыр. Бұл туралы ақпарат полицияға 31 желтоқсанда блогер Айсұлтан Жақыповтан түскен. Ол оқиғаның қай ауылда болғанын, ата-аналар бұл фактіні жасырып отырғанын айтқан. Жедел-тергеу тобы елді мекенді және оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтаған. Алдын ала тергеу барысында барлық жайт расталған. Күдікті қамауға алынды. 

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
Полиция осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен облыстың 40 жастағы азаматын ұстады. Оған қатысты сотпен бұлтартпай шарасы қабылданып, қамауға алынды. Қалған ақпараттар ҚР қылмыстық-процессуалдық кодексінің 20- бабына сәйкес жариялауға жатпайды. 

Павлодар облысында мектептің төрт оқушысын зорлаған Ақсу қаласының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот ісі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта алқабилердің қатысуымен өтті. Ер адам бірнеше бап бойынша айыпты. Соның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз сақтау бабы бойынша қылмыстары дәлелденді. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу