Зейнет жасын 60-қа дейін төмендету керек. Бүгін Мәжіліс депутаты Александр Милютин еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынып, Премьер-министрге сауал жолдады. Қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп отыр ол. Өйткені, зейнетақы қорындағы жинақтар төмендеп жатыр. Соңғы 5 жыл ішінде алғаш рет былтыр 17 млрд теңгеге қысқарған. Халықтың зейнетақы жүйесіне қатысуы нашарлады, бұл әлеуметтік қиындықтарға әкеліп соғады деп отыр депутат.
Александр Милютин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы да аз. Сондықтан біздің партия бұрынғы зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынады. Азаматтардың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы қажет.
Асима Нұрбайқызы