Елдегі дәстүрлі отбасы институты қысымға ұшырауда. Салдарынан жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаймай отыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бүгін бала тәрбиелеудің ұлттық форматына қатысты Үкімет басшысына сауал жолдады. Оның айтуынша, азаматтарға кешенді психологиялық көмек көрсету тетігін жетілдіру қажет. Мемлекеттік қызметтегі, ірі кәсіпорындарда еңбек ететін ата-аналар кешкі 18:00-ден кейін жұмыста қалмауы қажет. Әрі білім беру саласында психологтардың штатын көбейткен жөн деп отыр.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінде жаһандану процестерінен туындаған ақпараттар легінің еселеп өсуіне байланысты, халқымыздың рухани кодын сақтау, бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады. Білім беру саласында психологтардың штатын көбейтуді ұсынамыз. Әлеуметтік желіде жасөспірімдерді суицидке итермелейтін ақпаратты тежеудің ұтымды тетігін қалыптастыру, тәуекелі жоғары балаларға алдын алу іс-шараларын жасаудың практикасын енгізу тетігін қарастыру өзекті.
Асима Нұрбайқызы