2005 жылдан бері қазақстандықтардың ұрланған көліктерінің 223-тен астамы ТМД аймағына шығарылған. Оның тек 30 пайызы ғана (66 көлік) елге қайтарылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
Бүгін депутаттар ТМД бойынша көліктерді ұрлауға қарсы күрес туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдады.
«Бүгінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы келісіміне сәйкес, елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір азаматтар заңбұзушылықтар жасайды. Мысалы, 2005 жылдан бастап, осы кезге дейін ұрланған 223-тен астам көліктің тек 30 пайызы (66 көлік) елге қайтарылды. Өйткені, сұрау салу нормаларында кемшіліктер бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
«Бүгінде Тәуелсіз мемлекеттер достастық елдерінің арасында автокөліктерді ұрлау проблема болып тұр. Осы келісімді бекіту - азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдетеді. Осы Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді», - деп түйіндеді министр.