«Ертіс» хоккей командасынан ойыншылар кетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ертіс» хоккей командасынан ойыншылар кетіп жатыр

26.01.2021

Павлодардың «Ертіс» хоккей командасынан ойыншылар кетіп жатыр. Себебі, қаржылай қиындыққа тап болған клуб хоккейшілерінің жалақысы 60 пайызға қысқарған. Былтыр «Ертіс» футбол клубы да дәл осылай қаржысыз қалып, ақыры жабылып тынған болатын.

Аз уақытта қазақстандық жанкүйерлерге әбден танылған Ертістің негізгі шабуылшысы Павел Зыков дәл бүгін клубтан кетіп бара жатыр екен. Бомбардирді киімілгіште жолықтырдық. Командамен қоштасқан ол, Белоруссияға жол тартпақ.

Павел Зыков, «Ертіс» хоккей командасының бұрынғы ойыншысы:
-Өте өкінішті. Өзім үшін де, командаластарым үшін де. Белоруссияның «Неман» клубынан шақырту алдым. Қинала тұрып келістім. Осында қалып бара жатқан жігіттерге жағдай түзеліп, бәрі сәтті болсын деп тілеймін.

Екі күн бұрын клуб жетекшісі хоккейшілерді жинап еңбекақының 60 пайызға қысқаратынын жария еткен. Сол-ақ екен легионер ойыншылардың түгелге жуығы келісімшарттан бас тартып, еліміздің басқа клубтарына кетіп қалған.

Жұмабай Ахмутдинов, «Ертіс» хоккей клубының директоры:
-8 легионердің 7-еуі кетіп қалды. Басқа клубтар бірден алып кетті. Осы Павлодардың жергілікті 4 ойыншысы да кетеміз деген. Екеуі қалуға көнді.
Болат Аманбаев, тілші:
-Биылғы Қазақстан чемпионаты кестесінде павлодарлық «Ертіс» 12-ші орында тұр. 30 ойын өткізіп 30-ақ ұпай жиды. Мұндай команданы қаржыландыруға демеуші табу қиындаған. Мәселе содан болып тұр-дейді спортқа жауапты сала қызметкерлері.

Клуб жетекшілері ойыншыларға жалақы төлей алмайтынын бірден хабарланған. Себебі, еңбекақы бойынша қарыз жинақталып қалса, іс сотқа беріліп, клуб мүлдем жабылуы мүмкін.

Нұрлан Есембаев, Туризм және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
-Қаржы мәселесін қарастырып жатырмыз. Шығындарды оңтайландыру бойынша жұмыс басталды. Биылғы маусым соңына дейінгі ойындарға клуб қатысады. 170 млн теңгедей қаржы керек. Өйткені ойыншылардың еңбекақысы түгелдей демеушілердің қаржысы есебінен төленіп келген.

Бір анығы енді клубқа миллиондап қаржы сұрайтын легионерлер шақырылмайды. Хоккейшілердің еңбекақысы 400 мың теңгеден 700 мың теңге аралығында болады. Ал, мықты ойыншылар іштен іріктелінеді. Яғни, ендігі үміт отандық спорт мектептері мен аула клубтарында.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу