Коронавирустың жаңа штаммы 70%-ке жылдамырақ тарайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың жаңа штаммы 70%-ке жылдамырақ тарайды

25.01.2021

Ұлыбританияда алғаш рет анықталған коронавирустың жаңа штаммы 70%-ке жылдамырақ тарайды әрі оны жұқтырғандардың өліп кету қаупі де жоғары. Біріккен Корольдік билігі осындай мәлімдеме жасады.  

Марина Бекенова, тілші:  
-Британия Үкіметінің бас ғылыми кеңесшісінің айтуынша, егер бұрын ковидтен 1000 адамның 10-ы көз жұмса, қазір коронавирустың жаңа түрін жұқтырған 1000 адамның 13-14-і бақилық болып жатыр. Яғни, індеттің ілмегіне ілінгендердің о дүниелік болу қаупі 30%-ке көп. Тағы бір алаңдатарлық жағдай. Ұлыбританияда бірінші толқын кезінде көбіне егде жастағы 70-тен асқан адамдар дерттен айыға алмай көз жұмған болса, қазір 50-ден асқандар қайтыс болып жатыр. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне ауыр соғуда. Ауруханаларда 40 мыңға жуық адам қауіпті кеселмен арпалысып жатыр. Бұл бірінші толқынмен салыстырғанда 78%-ке көп.  
Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания премьер-министрі:  
-Елдегі локдаун жұқтыру көрсеткішінінің азаюына ықпал етуде. Бірақ арқаны кеңге салуға тым ерте. Өйткені Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне шамадан тыс салмақ түсіп жатыр.  

Біріккен Корольдікте ковидтың оңтүстікафрикалық түрін жұқтырғандардың 77 дерегі анықталды. Наукастардың барлығы Оңтүстік Африкада болғандар. Олар тегіс - қатаң бақылауда. Мутацияға ұшыраған бразилиялық вирустың әзірге 9-ы ғана тіркелген. Ұлыбританияда бүгінде ковидтен көз жұмғандардың саны 100 мың адамға жақындап, өлім-жітім бойынша АҚШ, Бразилия, Үндістан, Мексикадан кейін бесінші орынға шықты.  

Марина Бекенова  


Хабарламаларға жазылу