Екпе салдырған азаматтардың жағдайы бірқалыпты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпе салдырған азаматтардың жағдайы бірқалыпты

25.01.2021

Ал қазақстандық екпенің соңғы фазасы сәтті аяқталса, тұрғындарға биыл отандық вакцина салына бастайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Қазір сынақтың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Алғашқы екі фаза 96 пайыз өз тиімділігін көрсеттті. Әріптесім Раушан Сайлауқызы екпені алғашқы болып салдырған азаматтардың жағдайымен танысқан еді.  

Екпені алғашқы болып тамыз айында салдырған азаматтардың бірі - Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Отандық вакцинаны – ғалымдардың үлкен әлеуеті деп бағалаған ол екпенің кереғар әсері болмағанын айтады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 
Ешқандай дене қызуы, басқа да қиындықтар болған жоқ. Иммунитет бойынша тиісті антиденелер пайда болды. Оны мен Алматыға барып, зерттеу болып жатқан зертханаға қанымды тапсырғанда көзіміз жетті.  

Екпені алғашқы болып сынақтан өткізген әкімдердің бірі Бердібек Сапарбаев. Ол отандық вакцинаның екі дозасын салдырған.

Ал коронавирустың кесірінен жақындарынан айырылған Мақсат Жақау ауырмаудың жолын іздегенін жасырмайды. Отандық вакцинаны тамыз айынан бері зерттеген. Сөйтіп, жаңашылдықты жат көрмеген азамат ерікті болуға келісті. Вакцина салдырғаннан бері дәрігердің ұдайы бақылауында.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:   
Екінші вакцинаны да салдырдым. Ешқандай ауыртпалық болған жоқ. Жеңіл өтті. Тәбетім түскен жоқ. Денсаулығымы төмендеген жоқ. Өмірге жұмысқа деген құлшынысым артты. Медицина мамандарының еңбегі бұл. Халық игілігіне жараса жақсы еді. Вакцина деген химия емес. Оның құрамы витамин. 

Ерікті боп екпе салдырған Ғазиза Абдуллаева да ковид түгілі тұмау, тіпті вирустық аурулардан ада. Бұған вакцинаның ықпалы бар деп сенеді. 26 жастағы алматылық тұрғын үшінші фазаға да қатысып, соңғы екпені 15-қаңтар салдырған.

Ғазиза Абдуллаева, қала тұрғыны:  
Жағдайым жақсы. Бірқалыпты. Ешқандай ауытқу байқамадым. Жағдайым нашарласа терапевтіге бірден хабарласармыз. Халыққа айтарым жалаң әңгімелерге сене бермеңіздер.  

Еріктілердің тамақтану режиміне шектеу болған жоқ. Тек вакцина салдырған орынға үш күн су тигізбеу керек. Дегенмен олар алғашқы салдырған күні екпенің орны ауырсынғанын жасырмады. Бұдан бөлек, кей адамдарда тершеңдік пен әлсіздік байқалған. Бірақ бұл қалыпты жағдай,-дейді мамандар. Вакцинаның протоколында мұндай белгілердің болатыны алдын ала ескертілген.

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
Ал екпені салдырмас бұрын еріктілердің денсаулығы толық тексеруден өткен. Басты талап – олардың коронавируспен ауырмауы және созылмалы ауруларының болмағаны абзал. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, үш фазаға жалпы 3244 тұрғын қатысқан. Вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Егер зерттеудің соңғы кезеңі сәтті аяқталса, жазда қазақстандықтар шетелдік емес, отандық екпені салдыра бастайды.  

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу