Осы аптада қызметіне кіріскен АҚШ-тың 46-шы президенті Джозеф Байден ант бергесін бірден 15 жарлыққа қол қойған. Мысалы, климат бойынша Париж келісіміне АҚШ қайта қосылады. АҚШ-қа баруға тыйым салынған кейбір мұсылман елдерінің тұрғындарына есік қайта ашылды. Мексикамен арада салынып жатқан қамал құрылысын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу процесін тоқтатты. Канададан мұнай айдайтын құбырдың құрылысына рұқсаттың күшін жойды.
Д.Байден қоғамдық орындарда маска тағуды міндеттейтін құжатқа қол қойды. Вакциналауды қарқынды жүргізуге пәрмен берді. Енді аз-маз штрихтар.
АҚШ президенті отыратын Оval – сопақ кабинеттің атрибуттарын жаңадан сайланған президенттің өз талғамына сай өзгертетін дәстүр бар, Байденнің қалай өзгерткенін BBC жазды. Мысалы, атақты «Резолют» столынан сол жақ қабырғада ілініп тұрған, Д.Трамп құрметтейтін АҚШ-тың 7-президенті Эндрю Джексонның портреті алынып, Бенждамин Франклиннің портреті ілінген. Франклин президент болмаған, дегенмен АҚШ тәуелсіздігінің негізін қалаушылардың, Конституциясының авторларының бірі. Сонымен бірге ірі ғалым, жазушы, ойшыл. Франклин әлемдегі қалың көпшілікке 100 долларлық банкноттағы бейнесімен таныс.
Байден Трамп қойған Ұлыбритания премьер-министрі болған У.Черчилльдің бюстін алғызып, нәсілшілдікпен күрескер Роза Паркстың бюстін қойғызған. Бюсттері каминнің үстіндегі сөрелерге қойылған Мартин Лютер Кинг пен Роберт Кеннеди де нәсілдік теңдік үшін күрескендер, екеуі де қастандық құрбаны. Д.Байден кабинеттен алтын түстес перделер мен кілемді алғызып, Билл Клинтон кезіндегі қатты жалтылдамайтын портьерді ілгізіп, көк кілемді қайта жайғызған.
Кейбір детальдарға Америкада білім алып жүрген әріптесіміз Әлия Әшім тоқталады.