Салдарынан ата-аналар репититор жалдауға мәжбүр. Ал оған бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Осы әлеуметтік теңсіздікті шешу үшін педагог даярлау ісіне түбегейлі өзгеріс қажет.
Бақытжан Жұмаділдің ұлы биыл мектеп бітіреді. Ол таңдаған пәнінен амалсыз бас тартты. Себебі, тұрғылықты жерінде физика пәнінің мұғалімі жоқ. Енді уақыт таяғанда басқа мамандыққа ден қоюға тура келіп тұр,-дейді.
Бақытжан Жұмаділ, Ақтау қаласының тұрғыны:-Менің үлкен ұлым физика таңдап еді, сабағына ден қоя алмады. Өйткені мұғалім кейде бар, кейде жоқ. Үлгермей қалады. Сондықтан балам айнып қалды ма, ол пәнді қойып, мамандық өзгертуге тура келіп тұр. Информатика саласында айти маман болуды таңдады.
Елде 7 мыңнан астам мектеп бар. Жыл сайын педагогика мамандығы бойынша 40 мың адам оқу бітіреді. Бірақ, білім ордаларына 5 мың мұғалім жетіспейді. Өйткені, үздік түлектер ұстаздық жолын таңдамайды, ал университет бітірушілер ауылға бармайды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Педагогика мамандықтарындағы студенттердің теориялық білімін педагогикалық методикамен ұштастыру мақсатында педагогтық тәжірибені 2-айдан 2 жылға, яғни 3-ші және 4-ші курстарда міндетті бірыңғай үздіксіз педагогикалық тәжірибесін енгізуді ұсынамыз.
Бұл ғана емес. Педагогтардың жасының ұлғаюы да жағдайды күрделендіріп отыр. Елдегі 400 мыңға тарта ұстаздың 27 пайызы зейнет жасында. Жалпы ұстаздық етудегі мәселені шешудің төте жолы – тек ықыластыларды ғана тарту.
Аралбек Берікұлы, «Смарт білім» орталығының негізін қалаушы:-Мұғалімдікке деген емтихан бөлек болуы керек. Мұғалім боламын дейтіндердің ішінен іріктеп алу қажет. Бұл тек мен грантқа түссем болды, тегін оқысам болды дейтіннен құтылу керекпіз. Аз да болса, сапалы мұғалімдерді біз солай жасай аламыз.
Біліктілігі мен білімі нашар мамандардың даярлығына ден қоюды былтыр Президент тапсырған. Проблема шешілмесе, екі ортада Бақытжанның ұлындай зиян шегетіндер көбейе бермек.
Фариза Мұсақызы, Аягөз Оралбайқызы