ШҚО-да шаруалар жер үшін соттасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да шаруалар жер үшін соттасып жатыр

21.01.2021

Шығыс Қазақстандағы шаруалар әділдік іздеп сот табалдырығын тоздырып жүр. Олар негізінен жер үшін дауласып жатыр. Облыс бойынша бұл бағытта кейінгі 2 жылда 700-ге тарта арыз-шағым қаралған. Несиелік серіктестік құрып, мемлекеттен ақша алып, ақыры сергелдеңге түскендер де осы шаруалар. 

Тұрахмет Өркенев 4 жыл бұрын аукцион арқылы жер сатып алып, отбасылық ферма ашқан. Ескі қораны жөндеп, қажетті инфрақұрылымды тартты. Бірақ енді мал өсіріп, пайда табудың орнына шаруаны түгел ысырып қойып, бала-шағасымен соттан көз ашпай жүр.

Айнұр Өркенева, шаруашылықтың іс жүргізушісі:
Ұлан ауданында 3 сот отырысы болды. Қалалық сотта шілде айынан бері неше рет сот процесі өтті. Экономикалық сотта болдық. Сонымен қазір уақытымыздың бәрі осымен өтіп жатыр. Қаражаттың бәрін соған салып жатырмыз.

Тарбағатай ауданының тұрғыны Қайрат Сапаров та таяуда адвокат жалдады. Ол қыстаққа күн панельдерін орнатқаны үшін мемлекеттен инвестициялық субсидия алған. Алайда былтыр аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасы хат жолдап, сол қаржының бір бөлігін қайтаруды талап еткен.

Қайрат Сапаров, шаруа қожалығының жетекшісі:
2 миллион 920 мың теңгенің 480 мың теңгесі сіздерге артық төленіп қойған деген хат келіп тұр. Бірақ бұған дейін бұл қаншама тексерістен өтті, қанша жауапты адамжар қарады, міне ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының қолы тұр. Енді осыған енді біз кінәліміз бе?

Соңғы 3 жылда жер мәселесіне қатысты өңірдегі экономикалық тергеу департаменті ғана 33 қылмыстық іс қозғаған. Ал облыс бойынша бұл бағытта тек өткен жылы 308 арыз түскен.   

Азамат Жұманов, облыстық Экономикалық Тергеу Департаментінің аға тергеушісі:
Несиені заңсыз алу немесе мақсатсыз пайдалану, сонымен қатар мемлекеттен малды асылдандыруға субсидия алу және агроөнеркәсіпті дамытуға субсидия алу бойынша қылмыстық істер бізде көп тергеледі.

Өңірде несиелік серіктестік арқылы қаржы алғандар да опық жеп қалды. Ісін ілгерілетіп, өрісін төрт түлікке толтырмақ болған жүздеген тұрғынға айлап сот табалдырығын тоздыруға тура келді. Осылайша Шығыста мал баққанға емес, сотта жеңіп шыққанға бітетін болып тұр.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу