Қостанай облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

21.01.2021

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Барымташылардың басшысы Новонежин ауылында тұратын 46 жастағы әйел адам болып шықты. Өрістен жылқы мен сиыр жоғалып жатқаны жайлы тұрғындар полицияға былтыр тамыз айынан шағымдана бастаған. Полиция іздеу-тексеру жұмыстарын сол уақыттан бері жүйелі түрде жүргізді. Әйел басшысы бар бес адамнан тұратын қылмыстық топ жуырда әшкереленді. Олар жеңіл көлікпен ауылдарды аралап, алдымен қағажау шыққан малды қарап алатын болған. Сосын қапысын тауып айдап әкетіп, жасырын орынға апарып сойып, етін саудалаған. Әзірге олардың 8 жылқы мен төрт сиырды ұрлағаны анықталды. Ұрылар сойып үлгермеген малдар Шилі, Первомай, Диев ауылдарында тұратын иелеріне қайтарылды.       

Кенже Қонысбай, Облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы:
Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша ҚР ҚК –нің 188/1 бабының 3 бөліміне сәйкес тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысында күдіктілдердің басқа да қылмысқа қатысы бар жоқтығы анықталады. Егер қылмысы дәлелденсе 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленеді. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу