Шығыс Қазақстандағы геологиялық-барлау жұмыстарына 8,5 млрд теңге бөлу көзделген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы геологиялық-барлау жұмыстарына 8,5 млрд теңге бөлу көзделген

20.01.2021

Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту керек. Өңірде қазір игеріліп жатқан кен орындарындағы қазба байлық сарқылуға таяу. Тіпті соңғы он жылда бірнеше ірі қорғасын-мырыш кен орындарының қоры таусылып, жабылып қалды.  

Елдегі бүкіл қорғасын қорының үштен бір бөлігі, мырыш пен мыс қорының жартысына жуығы кенді Алтайға тиесілі. Бірақ, қазір игеріліп жатқан кейбір кен орындары 15-20 жылдан соң сарқылуы мүмкін. Өзекті мәселені бүгін Мәжіліс депутаттары да көтерді.    

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
-Кен орындарын игерудің қазіргі қарқынымен Шығыс Қазақстанның кен қорлары шамамен 2035-2040 жылдарға қарай түгесілуі де мүмкін деп санайтын мамандар да бар. Бұл күн ертең-ақ келіп қалатын уақыт. Мамандар баспасөз бетінде өңір металлургиясын сырттан әкелінетін шикізатты өңдеуге қарай бейімдеу қажеттігі туындауы мүмкін екендігі туралы да айта бастады. Мұны көзге елестетудің өзі қиын. 

Алдағы 5 жылда Шығыс өңіріндегі геологиялық-барлау жұмыстарына республикалық бюджеттен 8,5 миллиард теңге қаржы бөлу көзделген. Тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындар да жер қойнауын зерттеуге жұмсалатын қаржыны еселейміз деп отыр.

Ғалым Нұржанов, Геологиялық барлау компаниясының бас директоры:      
-2025 жылға дейін бізде стратегиялық жоспар қабылданды. Сол бойынша біз жыл сайын геологиялық жұмыстарға бюджетті екі есеге ұлғайтып отырмыз. 

Дегенмен Шығыста алтын, асыл және сирек металлдардың жаңа кен орындары ашылуы әбден мүмкін. Жиналған геологиялық материалдарды талдай келе мамандар осындай тұжырым жасап отыр. Қазба байлықтың жаңа қоры табылса металлургиялық кәсіпорындар мол шикізатпен, халық жұмыспен қамтылады.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:     
-Шемонайха, Глубокое, Алтай ауданындағы ірі елді мекендердің болашағы кен орындарындағы қордың мөлшерімен тікелей байланысты. Геологиялық барлау жұмыстардың жандануы осы жақта тұратын халық үшін де, жалпы өңірдің экономикасы үшін де өте маңызды. 

Шығыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту бойынша арнайы жұмыс тобы да құрылады. Оның құрамына саладағы ғалымдар да кіреді. Жер қойнауын зерттеудің заманауи әдістерін кеңінен қолданып, осы салаға жастарды да көптеп тарту көзделіп отыр.

Берік Көшербай 


Хабарламаларға жазылу