Атыраулықтар жылу бағасының қымбаттап кеткеніне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулықтар жылу бағасының қымбаттап кеткеніне наразы

20.01.2021

Атыраулықтар жылу бағасының бір айда бірден екі-үш есеге қымбаттап кеткеніне наразы. Желтоқсандағы коммуналды қызметтің түбіртегін алған тұрғындарға жылу тарифі әдеттегіден 3 есе көп болып келген. Жауаптылар, мұны ауа райының күрт суытуымен байланыстырып отыр.  

  Мардымсыз жылудың машақатын тартып отырғандардың бірі жас ана Інжу Тілекқабылқызы. Ол - сапасыз қызмет үшін қымбат төлеуге қарсы. Бесіктегі бөбегі тоңып қалмасын деп жиі пеш қосады. Енді, міне, пайдаланған электр қуаты үшін 18 мың теңге төлеуі тиіс. Өзге тұрғындарды да осы мәселе мазалап отыр.  

Шолпан Байқұтова, тұрғын:  
-Қатты салқындық жоқ. 15-16 градустан асқан жоқ. Сондықтан мен түсініп жатқан жоқпын. Қалай, неге 16 мың келеді. Қарашада 5 мың теңге болса, екі есе өскенде 10 мың теңге келе берсін.  
Сейдеғали Сейітов, тұрғын:     
-Менің ойымша есептегіштер қалай жұмыс істейді соны бастан-аяқ тексеру керек. Одан басқа, қалтамыздан қағылып болдық. 45 шаршы метрлік 1 бөлмелі пәтерім үшін 11 мың теңге шықты. Қарашада 4000 мың теңге төлеп едік. 

Монополист компанияның өкілі, қызмет құнының қымбаттамағанын кесіп айтты. Жауапты мекеме аяқ астынан көтерілген бағаны қолайсыз ауа райымен байланыстырады. Аязды күндері, тұрғындарға жылу көбірек берілген. Сондықтан, баға әдеттегіден шарықтап кеткен.

Алла Канцева, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ вице-президенті:   
- Күн салқындаған кезде пәтер салқындамасын деп жылуды көтереміз. Жалпы үйлік есептегіш құралы ауа райына байланысты есептейді. Пайдаланған жылу барлық пәтерге бөлінеді. Бұл жерде адами фактор болуы мүмкін емес. Біз 20 градустан жоғары ұстаймыз.  

Тұрғындардың айтуынша, себеп - үйдегі есептегіш құралда болып тұр. Өйткені көлемі бірдей пәтерлерге әр түрлі төлемақы келген. Оның үстіне көбіне проблема, жаңадан салынған үйлерден шығып отыр.

Жұмабек Қаражанов, қала әкімінің орынбасары:       
-Жеке-жеке арызымен қарап, ТЭЦ-тің мамандары көтеріп, үйдегі есептеуіштерді қарайды, тексереді. Есептеуішті айналдырды, адами фактор болуы мүмкін дегенді айтып жатыр. Ондай факті болатын болса, бұлар қайта есептеп бағасын түсіріп береді. 

Жауаптылар, тексеріс түскен арызға қарай жүргізілетінін айтады.

Қаладағы 1200-ге тарта көпқабатты үйдің жартысына ортақ есептегіш құрал орнатылған. Енді жұртшылық қаңтардың аязды күндері мен ақпанның ақтүтек бораны қалтамызды қаға ма деп күдіктенеді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу