ҰБТ-ның алғашқы кезеңі тек қағаз түрінде өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі тек қағаз түрінде өтіп жатыр

20.01.2021

Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Республиканың барлық аймағында 1200-ден астам аудитория жұмыс істеп жатыр. Тестілеуге 120 мыңнан астам талапкер қатысады деп жоспарланған. Биылғы сынақтың басты ерекшілігі – талапкерлер маусым айына дейін бірнеше рет бағын сынай алады. Бұрын ҰБТ 12 күн аралығында өткен болса, осы жылы 3 ай уақыт беріледі.  

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңі тек қағаз түрінде өтіп жатыр. Нәтижесі жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне ғана тапсыруға жарамды. Ұлттық тестілеу орталығы осыдан кейін қағазбастылықтан арыламыз деп отыр. Сондықтан, талапкерлер келесі тестілеуді компьютер арқылы тапсырады және соның қорытындысымен грант конкурсына қатыса алады. 

Дидар Смағұлов, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
-Мысалы өткен жылда ҰБТ 12 күн болса, осы жылдағы негізгі ҰБТ 100 күн болады. Яғни наурыз бен маусым аралығында балалар кез келген уақытта, ыңғайлы күнге өзі таңдайды, келеді, тапсырады.  

Тестілеудің алғашқы кезеңінде талапкерлер тест тапсыру орнын өздері таңдаған. Алматы облысы Жаркент елді мекенінің тұрғыны Сухрат Тұрғанов осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Алматыдағы беделді жоғарғы оқу орнында алғаш рет ақылы тестілеуден өтті. Нәтижесі көңілінен шыққан оқушы қабылданған өзгерістер өте ыңғайлы деген пікірде. 

Сухрат Тұрғанов, оқушы:  
-Бізге ең керемет, тиімді мүмкіндік беріп жатыр.  

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты түлектер тестілеудің алғашқы кезеңін 5-ақпанға дейін кезең-кезеңімен тапсырады. Карантин талаптарына сәйкес, тест тапсыру орындарында дәрігерлер мен арнайы мамандар кезекшілік етуде. 

Жандос Құмғанбаев, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілі:
-Бұрынғы кезеңдерде бір күні 800 оқушы ҰБТ-ға қатысатын болса, қазіргі жағдайда еліміздегі жағдайға байланысты 200-ден аспайды. Бір аудиторияда 30, 40-тан аспайтын, аралары 3 метр арақашықтықты сақтай отырылып, барлық талаптарға сай ҰБТ жақсы өтуде. 

Тестілеу барысын жоғары оқу орнының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылауда. Ережеге бағынбай, заң бұзғандар туралы мәліметтер ертеңнен бастап хабарланады. 

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу