Ақмола облысының Гранитный ауылда 5 күннен бері су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Гранитный ауылда 5 күннен бері су жоқ

20.01.2021

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Гранитный ауылында 5 күннен бері ауыз су жоқ. Елді мекенде 500-ден астам отбасы тұрады. Көпшілігі 2 қабатты үйлерде. Сондықтан су жүйесі орталықтандырылған.  

Құбыр 5 күн бұрын жарылған. Іле шала су тарату қондырғысындағы насос та істен шыққан. Ал әкімдік ауылға суды күні кеше ғана жеткізді. Оған дейін тұрғындар тәршілік нәрін көрші ауылдардан тасып әуреге түсті.      

Өмірбек Әубәкіров, ауыл тұрғыны: 
-1 жұма болды су жоқ. Халық бөтелкемен шамасы келгенше тасып жатыр.  
Елена Гаврюхина, ауыл тұрғыны: 
-Басты мәселе насос дұрыс жұмыс істемейді. Қысым жоқ. Пәтерлерімізге келгеннің өзінде ақырын ғана ағып тұрады. Жылда айтамыз, бірақ проблема шешілмейді.  

Ауылдағы су құбырлары әбден тозған. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары салыныпты. Су жүйесіне қызмет көрсететін мекеме де жоқ. Құбырлар да, су таратушы қондырғы да әкімдік балансында. Сондықтан әрдайым мамандарды жалдау қажет.

Марат Жүнісов, Зеренді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:  
-Қазір жаңа насос сатып алынды. Оны орнату жұмыстары жұргізіліп жатыр. Бүгін-ертең су беріледі деп ойлаймын. Дегенмен құбырлар ескі, жоғары қысымға шыдамауы да мүмкін. Сондықтан су жүйесі бақылауда болады.  

Ауыл халқы ауыз су мәселесінің түбегейлі шешілуін талап етуде. Сондай-ақ,елді мекеннің жолы мен кәріз жүйесін де жөндеуді сұрап отыр.

Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу