3 жыл бойы артық төленген жеке табыс салығы қайтарылады. Cалық кодексіне енгізілген өзгеріске сай, бұрын айлықтан жеке табыс салығы жалпы есептеліп келсе, енді зейнетақы мен медициналық сақтандыру төлемін алып тастаған соң ғана есептеледі. Осыған байланысты қазақстандық бухгалтерлерлерге соңғы үш жылдағы есепті қайта жүргізуге тура келеді. Тақырыпты Раушан Сайлауқызы тарқатады.
Жаңа талап азаматтық салада келісімшартпен жұмыс істеп жүргендерге қатысты. Яғни, бұл штаттан тыс қызмет ететіндер, консалтинг компания мамандары мен фрилансерлер.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мәселен, орташа айлық. 200 мың теңге деп алып көрейік. Бұған дейін мұның 10 пайызы яғни 20 мың теңге жеке табыс салығы ретінде төленіп келді. Енді олай емес. Алдымен зейнетақы қорына 10 пайыз, яғни 20 мың аударылады. 1 пайызы яғни 2000 теңге медициналық сақтандыру қорына төленеді. Қалған 178 мың теңгенің 10 пайызы яғни 17800 теңге жеке табыс салығы ретінде төленеді. Сонда ай сайын 2200 теңге артық аударылып келген. Бұл бір жылда 26400, ал 3 жыл үшін бюджеттен 79200 теңге кері қайтарылуы тиіс.
Ал жеке табыс салығын медициналық сақтандыру төлемінен кейін есептеу енді елдегі барлық компанияның қызметкеріне қатысты. Бұл талап бекітілмес бұрын түрлі мекемелермен келіссөз жүргізілген. Осылайша мемлекет жұмысшының алдында әлеуметтік әділеттілік қалыптастыруды көздейді.
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары:
Жұмыс берушілер қосымша салық есептілігін тапсырады. Одан кейін оның есептелген салық сомасын қайтарып алуына құқығы бар. Ол үшін тиісті өтінішін электронды жолдауға болады. Ол салық 5 жұмыс күші ішінде бюджеттен қайтарылып беріледі.
Артық төленген қаржыны жұмыс берушінің өтеп бермейтіні анық. Сондықтан бухгалтерлер есеп жүргізіп, нақты дәлелді қосымша салық есебін мемлекетке тапсыруы тиіс. Алайда есепшілер қауымы бұған қарсы.
Ардақ Мақұлбекова, компания басшысы:
Ол ақшаны біз төлеп қойдық. Кім қайтарады оны. Сондықтан бухгалтерлерге қиын жұмыс болып тұр. Үш жыл бұрынғы есепті қайта санау керек.
Юрий Тілеумұратов, «Атамекен» ҰКП Бухгалтерлер клубының жетекшісі және негізін қалаушы:
Бұдан кәсіпорындардың салық рейтінгі түсіп кетуі мүмкін. Олардың еш кінәсі жоқ. Бірақ соны пайдаланып бизнесті тексеру шаралары көбейеді. Екіншіден 3 жылдық есепті тағы жүргізу - бухгалтерлер үшін үлкен жұмыс, артық шаруа.
Ал Салық комитеті дәл осы жағдай кәсіпкерлердің рейтингісіне әсер етпейді деп отыр. Себебі бұл бухгалтерлердің немесе компаниялардың қателігі емес екені ескеріледі. Ал артық төленген жеке табыс салығын қайтару дерегі әлі тіркелмеген. Нақты қашан берілетіні және қанша адамға төленетіні әзірге белгісіз. Енді бухгалтерлер барлығын қайта есептейді. Ал заңдағы өзгерістерді электронды үкіметтегі ашық деректер порталынан көруге болады.
Раушан Сайлауқызы