Демалыс күндері Петропавлда локдаун жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Демалыс күндері Петропавлда локдаун жарияланды

19.01.2021

Солтүстік Қазақстан облысы «қызыл» аймақ қатарына қосылды. Ал кешелі бері «сары» аймаққа кірген Қарағанды облысында карантиндік шектеулер күшейтілді. Демалыс күндері қалааралық қоғамдық көлік жүрмейтін болды. Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында да бірқатар кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылмақ.   

Солтүстік Қазақстан облысы коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша «қызыл» аймаққа кірді. Осыған байланысты алдағы демалыс күндері Петропавлда локдаун енгізіледі. Жұрт көп жиналатын отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынды. Сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен құрылыс материалдары дүкендері жұмыс істемейді, тек азық-түлік сатататын сауда орындары мен дәріханаларға ғана рұқсат. Қоғамдық көліктер де демалыс күндері жүрмейді.

Орал қаласында 21 қаңтардан бастап карантиндік шектеулер енгізіледі. Көпшілік шаралар өткізуге тыйым салынып, түнгі клубтар мен мейрамханалардың жұмысы тоқтатылады. Ал қоғамдық тамақтану орындарына 30-дан артық адам қабылдауға рұқсат жоқ. Бұған қоса мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. 

Маңғыстауда науқастар саны көбейе берсе, өңір «сары» аймаққа кіруі мүмкін. Бүгін облыстың бас санитар дәрігері осындай болжам жасап, тұрғындарға санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Себебі, қаңтар айы басталғалы аймақта - 177 адам қатерлі індетке шалдыққан.     

Түркістан облысында да науқастар саны күрт көбейіп кетті. Осыған орай, енді демалыс және мереке күндердері жабық базарлар мен қоғамдық тамақтану орындары қызмет көрсетпейді. Ал, мал базарларына санитарлық талапты сақтай отырып, тек сәрсенбі жұмыс істеуге рұқсат.   

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу