Қазақстанда 1-ші ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналау басталады. Бүгін жаңартылған құрамдағы Үкіметтің алғашқы отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жауапты ведомстволарға короновирусқа қарсы екпе салуды ұйымдастыруды тапсырды.
Келесі айда басталатын жаппай вакциналау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Ресейлік «Спутник V» алдымен медицина қызметкерлеріне салынады. Алғашқы кезеңде 100 мың адамды қамту жоспарланған. 1-наурыздан мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына егіледі. Екінші кезеңде 150 мың адам қамтылмақ. Ал 1-сәуірден студенттер, оқушылар мен балабақша қызметкерлері, созылмалы ауруы бар азаматтар егіледі. Жиыны 600 мыңдай адам қамтылады.
Вакцина егу тәртібі:
1-кезең. Медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары 100 мың
2-кезең. Мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушылары, ведомстволық медицина қызметінің мамандары 150 мың
3-кезең. Мектеп-интернат педагогтері, балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері, студенттер 600 мың
Ең бастысы - нарыққа тек тиімді және қауіпсіз вакциналар жіберіледі.
Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:-Осылайша жыл аяғына дейін 6 млн адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз. Вакцинаның сапалы болуын қамтамасыз ету ерекше бақылауда болады. Өндірушіден медициналық мекемеге дейін жеткізіп беруді бекітілген адамдар бақылауда ұстайды. Оның өзі 4 кезеңнен тұрады.
Ведомство басшысы болжамдармен де бөлісті. Айтуынша, наурыздың соңында індетті жұқтырушылар көп тіркелуі мүмкін.
Мәселен, тәулігіне 3 мыңдай науқас тіркелсе, емханаларда 24 мың төсек-орын қажет болады. Мұндай жағдайда қатаң карантиндік шараларды енгізу жоспарда жоқ. Ал вирус жұқтырғандар саны 6-дан 9-мыңға дейін жетсе, 45 мың төсек-орын қажет болады. Бұл жағдайда қатаң карантиндік шаралар енгізіледі. Бірақ, 2 млн адамға екпе салу арқылы індет жұқтырушылар саны 40 мыңға азаяды деген үміт бар.
Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:-Тиісінше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, ковидпен сырқаттанушылық ,өлім-жітім азаяды. Шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады. Пандемия дамуының осы кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакцинация екенін түсінді.
Вакцина алу – тегін. Екпе 18 жастан асқан адамдарға арналған. Заңға сәйкес, вакцинадан кез келген азаматтың бас тартуға құқығы бар.
Екпе алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Қандай да бір ауру түрлері байқалса, сауыққанға дейін шегеріледі. Сондай-ақ әр адам вакцинаның құрамы мен өндірушісі туралы ақпаратпен танысуға құқылы.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:-Қазіргі таңда халыққа жаппай вакцина салуды ұйымдастыру – ең маңызды міндет болып табылады. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарын 1-ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауды бастауды қамтамасыз етуге дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пунктерінде вакцинаны сақтауға арналған қажет жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пунктерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын.
Қазір тұрғындарға екпе салудың электронды паспорты әзірленген. Деректер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі. Осы арқылы екпе алған адам талап етілетін жерге ақпарат ұсына алады. Аймақтардағы ахуалды реттеу мен тұрақтандыру шаралары жалғасын табады. Бұл ретте әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Үкімет басшысы ауруханалардағы жеке қорғаныш құралдары мен коронавирусқа қарсы дәрілер қорына ревизия жүргізуді де тапсырды.
Дарын Сағитов