Қазақ киносы тағы бір ақтаңгерінен айрылды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы, елге «Тақиялы періште» болып танылған Әлімғазы Райымбеков дүниеден озды. Баршамыз сүйіп көретін классикалық кинофильмде Тайлақтың рөлін сомдаған актер коронавирус індетімен күресіп, өкінішке қарай, сауыға алмады. Тума талант актерлік білім алмай-ақ 20-дан астам көркем фильмге түсті. Отбасылық құндылықтарды жоғары қойып, 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін салауатты өмір салтын ұстанып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын жаудырып жүрген қария ақ жарқын жүзімен қазақ елінің жадында мәңгі сақталады.
Кендебай Темірбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері:Тағы да біздің ортамызда жүре тұрғанда ғой, шіркін-ай... Көзімізге жас алып, бір-бірімізге көңіл айтуға тура келді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлімғазы Райымбековтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлмеуметтік желідегі парақшасында жазды. Тұңғыш Президент марқұм ұлттық киноның ұмытылмас бейнесі мен өзіндік ізін қалдырған талант иесі екенін атап өтті. Оның жарқын бейнесі жұртшылық жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.
Қуаныш Қанатұлы