Арыс қаласында 50-ге тарта кәсіпкер жарылыс кезінде қираған ғимараттарының шығынын әлі күнге өндіре алмай келеді. Апаттан соң құрылған арнайы комиссия кәсіпкерлік нысандарына зақым келгенін растаған. Алайда 1,5 жыл уақыт өтсе де, шығынын даулағандар бір тиын ақша алмаған. Кәсіпкерлердің арыз-шағымын Айнұр Ақбаева тыңдады.
Жарылыс кезінде Мұхамеджан Сапарханның екі бірдей ғимаратына снарядтар түсіп, бүлінген. Шаш етектен шығынға батқан кәсіпкерге әлі күнге дейін қолұшын созған ешкім жоқ.
Мұхамеджан Сапархан, кәсіпкер:Бір ғимаратым мүлдем жарамсыз болып тұр. Бұның ішінде 4-5 снаряд кірген. Екінші ғимаратыма екеуі кірген. 60 млн теңге шығынға баттым.
Жарылыстан кейін ғимараттары бүлінген кәсіпкерлердің шығыны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған қордан өтелген болатын. «Менің Атамекенім» арқылы 416 нысанға 3 млрд теңгеден астам өтемақы төленген. Алайда 48 кәсіпкерлік нысан бұл тізімге ілінбей, иелері шығындарын даулап жүр.
Бақсұлу Қуатова, кәсіпкер:Жарылыс кезінде менің сауда-саттық орным зардап шекті. 12 млн 890 мың ақша шыққан. Бірақ оны 8 млн 290 мың деп бағалады. Соның өзін әлі алмадым.
Убайдулла Сүйінбаев, кәсіпкер:«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Менің Атамекенім» қоры төлеп береміз деген. Солар осы күнге дейін ақшасын төлеген жоқ.
Өңірлік кәсіпкерлік палата басшылығы болса қорға жиналған қаражаттың барлық нысандарға жетпей қалғанын айтады. Дегенмен ешбір кәсіпкердің мәселесі аяқсыз қалмайды дейді.
Мәди Ибадуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:48 кәсіпкердің ғимаратын қалпына келтіруге 358 млн теңге қаражат қажеттігі туралы қоғамдық бірлестік орталық мемлекеттік органдарға, министрліктерге хат жолдап, осы мәселені шешуге ақша бөлу бойынша жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңға өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені өзінің қарауына алған.
Кәсіпкерлерге қажетті қаражаттың нақты қашан бөлінетіні белгісіз. Ақшасын даулап амалы таусылғандар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.
Айнұр Ақбаева