Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңге шығын келтірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңге шығын келтірді

18.01.2021
Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңге шығын келтірді

Қарағандыда мемлекетке 700 млн теңге шығын келтірген қылмыстық топ мүшелері әшкере болды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 2016-2020 жылдар аралығында Қарағанды қаласының аумағында жалған шот-фактураларды жазу бойынша заңсыз қызметпен айналысқан тұлғалар тобын әшкереледі.

Тергеу барысында 7 адамнан тұратын топ жалған келісімшарттар жасау және шығындарды жасанды көбейту арқылы бюджетке салық төлеуден жалтару кезінде салық төлеушілер-контрагенттерге көмектесу мақсатында бақылауда ұстаған 13 кәсіпорын құрғаны анықталды.

Аталған адамдардың қылмыстық іс-әрекетінен келтірілген жалпы залал көлемі 700 миллион теңгеден асады», - делінген хабарламада. 

7 күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат, 1 күдіктіге қатысты үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. 

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды. 


Хабарламаларға жазылу