Мамин Премьер-министр болып қайта бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамин Премьер-министр болып қайта бекітілді

17.01.2021

Негізі, ең жоғары биліктің конфигурациясы сақталатыны бейсенбіде анық байқалды. «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев Мәжіліске сайланған партияластарымен өткен жиында парламенттік фракцияның жетекшілігіне Н.Нығматулинді ұсынды. Ал Үкімет басшысы Асқар Маминге байланысты, «Егер оны Премьер-министр қызметіне Президент ұсынса, қолдауларыңызды сұраймын», деді.     

Сарапшы Талғат Қалиев Telegram-каналда «Маминнің қызметінде қалуы билік партиясының қолдауына ғана емес, былтырғы өте қиын уақытта экономиканы рецессияға түсіріп жібермей, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалуына да байланысты», деп жазды.

Дегенмен жоғары атқарушы билік үшін стресс-тест аяқталған жоқ. Президенттің «Күшті Президент- ықпалды Парламент- есеп беретін Үкімет» формуласы жүзеге асып бастағанын сайлаушылар да, тіпті скептиктер де күтіп отыр.

Сөйтіп жұмада Премьер-министр болып А.Мамин қайта бекітілді. Айта кететіні, Мәжілісте Үкімет басшысының кандидатурасын дауысқа салғанда «Қазақстан халық партиясы» мен «Ақ жол» партиясы фракциялары қалыс қалды. Бұл қарсы дауыс беру емес. Қалыс қалу деген де позиция бар, сол. Нұрлан Нығматулин де Мәжіліс төрағасы болып қайта сайланды. Тағы бір деталь, тұрақты комитеттердің төрағалары бекітілгенде бір комитеттің төрағасы Қазақстан халық партиясының, тағы бір комитеттің төрағасы «Ақ жол» партиясының өкілі болды.  

Сонымен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы өтті. 3 партияның өкілдері мәжіліс құрады – Қазақстан халық партиясы 10 орын алды, «Nur Otan» партиясының 76 мандаты бар, «Ақ жол» партиясында 12 орын. Ал мәслихаттарға келсек, айырмашылық бар: облыстық мәслихаттардың бәрінде «Ауыл» партиясы болады, 16 аймақтың бәрінде «Ақ жол» партиясы да позициясын бекітті. ҚХП тек 3 мәслихатта.

Бұрынғы одақтас республикалардың кейбірінен келген және Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бақылаушылары сайлауға «жақсы өтті» деген сипатта, ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары «саяси бәсекесіз өтті» деген мазмұнда баға берді. Сайлаудың техникалық ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болғанын барлығы айтты.   

Мәжіліске өтпеген екі партияға орай әлеуметтік желілерде әжептәуір пікірталас болды. 7 проценттік межеден өтпегеніне күмәнданатынына екі партияның да жақтастары, тіпті дауыс бергендер ашық жазды. Сайланған депутаттардың арасында бұған дейін қандай да бір мәлімдемесімен, айтқанымен еске түсетін азаматтарға байланысты да пікірталас болды. Сайлаудың кейбір штрихтарына Азамат Алдоңғар тоқталады.    


Хабарламаларға жазылу