Алматы облысында қасқырларды өлтіріп, терісін саудалағандар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында қасқырларды өлтіріп, терісін саудалағандар анықталды

15.01.2021

Алматы облысында үйінен қасқырлардың терісі табылған азамат еріктілердің айыптауы орынсыз дейді. Ол ресми түрде жұмыс істейтінін және аң терісін лицензиясы бар азаматтар алып келетінін айтты. Бұл аймақта қасқырларды өлтіріп, терісін сатылымға шығарғандар анықталған еді.   

Адам шошырлық жағдай туралы жануарларды қорғаушылар айтқан. Еріктілер желіден бөрілер мен олардың терісі сатылатыны туралы хабарламаны байқап, көрсетілген мекенжайға барған. Осылайша жыртқыш аңдарға қастандық жасалғанын байқады. Бес қасқыр мен бірнеше тері сатылымға шығарылған және бір бөріні 140 мың теңгеге бағалапты. Ал зооқорғаушы олардың біреуін болса да аман алып қалу үшін сатып алыпты. Қазір осы фактіге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыстық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.

Ернар Сайділдин, облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:
Алматы облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу барысында аталған деректі анықтады. Қазіргі уақытта Талғар аудандық Полиция басқармасы тексеру іс-шараларын жүргізуде. Нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады. 

Нұрлан Нұрханұлы

Хабарламаларға жазылу