Қарағанды облысында киік атқан браконьерлер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында киік атқан браконьерлер ұсталды

15.01.2021

Қарағанды облысында браконьерлер күйектен әлсіреген киіктерді қынадай қырып жатыр. Санаулы күнде 4 оқиға тіркелді. Жаңарқа ауданының маңында тәртіп сақшыларының назарына іліккен азамат, екі ақбөкеннің еті мен аңшы мылтығын лақтырып жіберіп, із суытпақ болған. Бірақ ұзаққа бармады. Тінту кезінде 38 жастағы жігіттен 16 мүйіз тәркіленді. Бұған қоса Нұра және Қарқаралы аудандарының аумағында 19 ақбөкеннің өлексесі табылды. Оқ іздері жоқ, бірақ кейбірінің мүйіздерін кесіп алған. Сондықтан полиция қызметкерлері қорықшылармен бірлесіп бақылау шараларын күшейтті.

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Сонымен қатар осы рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында облыстың 35 жасар тұрғыны ұсталды. Ол азамат жол жиегінде жатқан ақбөкенді өзінің ВАЗ автокөлігімен соғып алған. Кейін оның мүйізін және терісін сыпырып алған. Бұл да қылмыстық жауапкершілік болып саналады. Бұл баптардың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейін, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Руслан Нұрланұлы



Хабарламаларға жазылу