Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысты

15.01.2021

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ Президент алдағы сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазуды енгізуді жөн санайды. Құрамы жаңарған Парламентке Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси реформаларды жалғастыруды тапсырып отыр. 

Жаңғыру Сот жүйесін де күтіп тұр. Өйткені мемлекет басшысы бұл салада әлі де түйткілдер көп екенін баса айтты. Сондай-ақ Президент әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстарға да басымдық берілетінін айтты. Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсарту – басты міндеттердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды. Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек.

Сондай-ақ бүгін Үкімет отставкаға кетті. Президент Парламент Мәжілісінің алдында Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігін доғаруына байланысты қаулыны жария етті. Оған сай Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін қазіргі министрлер кабинеті өз міндеттерін атқара береді. 

Хабарламаларға жазылу