Павлодарлық оқушы қолжазбаны цифрлық форматқа ауыстыратын қосымша жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық оқушы қолжазбаны цифрлық форматқа ауыстыратын қосымша жасап шығарды

15.01.2021

Павлодардағы «Жас дарын» мектебінің 11-сынып оқушысы қолжазбаны цифрлық форматқа көшіретін бірегей бағдарлама жасап шығарды. Ал Ақтаулық оқушы жерді суаратын робот құрастырып шығарды. Қашықтан оқу кезінде уақытты құр жібермеген талапты оқушылардың ІТ саласындағы жетістігі жайлы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев баяндайды. 

Баспа машинкасында терілген ескі құжаттар және қаламмен жазылған хаттамаларды сандық форматқа ауыстыру үшін енді компьютерде қайта терудің қажеті жоқ. Тек Аndroid жүйесіне арналған тың бағдарламаны жүктеп алсаңыз болғаны. Шамалы уақытта қажетті құжаттың электрондық нұсқасы дайын болады. Бұл бағдарламаны Алар Берікұлы екі ай ішінде жасап шықты. 

Алар Берікұлы, «Жас дарын» мамандандырылған мектептің оқушысы:
Қосымша алдымен қара-ақ түсті жазбаның бастапқы нұсқасын сканерлеп алады. Содан кейін әріптерді ажыратып сөздерді сегменттеу процессі жүргізіледі. Кейін нейронды желілерге түсіп, дайын болып шығады.

Яғни реккурентті нейрондық желіні біріктіру арқылы кез келген қолжазбаны тани алатын жүйе жасалды. Енді патент алған соң Play Marketke жүктеледі. 

Айдар Шайхимов, информатика пәнінің мұғалімі:
Халыққа тарату, интерфейс жасау бұл енді болашақта. Соның қиын жағын өттік біз, енді оңай жағын бітіреміз де тұтас комплект, бағдарламалық қосымша ретінде бұқараға таратамыз. 

Ал Ақтаулық оқушы Диана Қуанбай көгал мен жылыжайды суаруға арналған робот ойлап тапты. Машина - жердің ылғалдылығын өлшеп, автосуару жүйесі арқылы су құяды. Алдынан шыққан кедергіні де бірдан анықтайды. 

Диана Қуанбай, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы: 
Қолданысқа енгізу үшін бұған қорғаныш корпус қажет. Жетілдіретін детальдарымыз бар. 

Өнертапқыш бірегей жобасымен наурыз айында өтетін республикалық байқауға қатыспақ. Оған дейін роботты күнбе-күн жетілдіріп мектептің жылыжайында сынақтан өткізбек. 

Болат Аманбаев, Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу