Шеберлер қолдан құрастырған 12 метрлік жүк көлігін кәдеге жарата алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шеберлер қолдан құрастырған 12 метрлік жүк көлігін кәдеге жарата алмай отыр

14.01.2021

Маңғыстаулық шеберлер 8 тоннаға дейін жүк тасымалдай алатын техника құрастырды. Алайда елімізде баламасы жоқ көлікті кәдеге жарату мүмкін болмай тұр. Өйткені су жаңа темір тұлпардың тиісті құжаты жоқ.   

Көлік жөндеуден алдына жан салмайтын өңірге танымал шеберлер ағалы-інілі Бүркітәлиевтер ескі жолаушылар газелін бұзып, жүк көлікке айналдырды. Қарамағында 30-ға жуық жұмысшы бар. Жаздан бері 15 көлік құрастырған. Ал, ұзындығы 12 метрлік автокөлікті алғаш рет жасап отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
-Ағайынды Бүркітәлиевтер бұл көлікті 3 ай құрастырды. Дәл осындай 12 метрлік жүк таситын көлік Қазақстанда жоқ, айтуларынша Ресейде шығарылады. Мұның ерекшелігі, мысалы кәдімгі шағын жүк көлікке 2 тонна жүк кетсе, бұл арқылы 8 тонна жүк тасуға болады. Және ұзын ағаштар мен құбырларды, үлкен контейлерлерді тасымалдауға ыңғайлы.     

Көлік газбен жүреді. Шығыны аз. Сұраныс та көп болары анық, дейді ағайындылар. Бірақ, құжаты болмай гаражда қаңтарылып тұр.

Құзырлы орган өкілдері болса, техниканы жолға шығаруға рұқсат жоқ дегенді алға тартып отыр. Айтуларынша, жаңа көлік заңда көрсетілген ережелер мен техникалық талаптарға сай келмейді.

Шеберлер көлікті құрастыру үшін 8 млн теңге қаражат жұмсаған. Енді ең құрығанда шығынның жартысын қайтару үшін көлікті бұзып, шағын түрін жасаудан басқа амал жоқ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу