Еліміздің біраз өңірінде ауа райы тосын мінезін танытты. Атырау облысында жойқын жел тұрып, бірқатар нысандар шатырсыз қалды. Мектептерде сабақ доғарылды. Ал, Батыс Қазақстанда көк мұзға айналған жолды коммуналдық мекелер тазартып үлгермей жатыр.
Көктайғақ - әсіресе Самара-Шымкент, Орал-Атырау, Чапаев-Жалпақтал бағытындағы көлік қозғалысына қауіп төндіріп тұр. «Қазавтожол» мұзға айналған тас жолдарды апталап тазарта алмай жатыр. Себебі техника тапшы.
Зәуірбек Қыпшақбаев, жолға жауапты мекеменің инженері:- Бұл жерде 4 сағаттың ішінде, экстремалды жағдайда қар тазалануы керек. Ал жәй уақытта 8 сағаттың ішінде жол бөлігінде ешқандай қауіпсіздікке әсер ететін жағдайлар туындамауы керек.
Солтүстік Қазақстан облысында да қыс қаһарына мініп тұр. Соңғы екі аптада 31 адамды үсік шалған. Тағы 17 тұрғын ауруханада ем қабылдап жатыр.
Ал, Атырауда дүлей дауыл тұрып, елдің есін шығарды. Желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 53 метрге дейін соқты. Сабақ доғарылып, оқушылар қашықтан оқуға көшті. Сондай-ақ, Мақат ауданында үш мектептің шатыры ұшып кетті. Қалада да біраз ғимаратқа зақым келді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жандос Темірғали, тілші:-Қатты желдің кесірінен 91 метрлік тұғырдағы ту да төмен түсірілді. Синоптиктер, дәл осындай қолайсыз ауа райы ертең де жалғасуы мүмкін дегенді айтады. Ал, құтқарушылар тұрғындарға барынша сақтық шараларын сақтап, көшенің тек ашық жерлерімен жүруге кеңес береді.
Жандос Темірғали