Үкімет өткен жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет өткен жылды қорытындылады

12.01.2021

2020 жылы пандемияға байланысты ел бюджеті 2 трлн 400 млрд теңгеден қағылған. Бүгін Үкімет еліміздің өткен жылғы экономикалық-әлеуметтік дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуын қорытындылады. Оған сай көрсеткіштер жыл басында айтарлықтай төмендегенімен, соңына қарай оң динамика байқалады.

2020 жыл экономика үшін күрделі кезең. Індеттің кесірінен шекарадан бастап, бизнес нысандарының көбі жабылғаны есте.

Салдарынан сыртқы сауда айналымы 14 процентке, ал қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға төмендеген. Ал ұлттық валюта10 пайызға құлдырады. Жыл басында 1 доллар 380 теңге болса, қазір 420 теңгеге тең. Инфляция 7,5 пайызға жетіп, түрлі тауар бағасы өсті.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
-Бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес азық-түлік инфляциясы қосып отыр. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің өсімдік майы, қант, жұмыртқа теңгерімсіздігі күшейгеннен 10,8%-тен 11,3%-ке дейін ұлғайды.

Қымбатшылыққа жол бермеу үшін азық-түліктің 9 түріне шекті баға белгіленіп, тұрақтандыру қорларының жұмысы күшейді. Ал кері кеткен экономиканы қалпына келтіруге шұғыл шаралар қабылданды. Әсіресе бизнесті қолдау күшейтілді. Мәселен карантин енгізілгелі кәсіпкерлер салықтан босатылды. Несиелері кейінге шегеріліп, жұртты жұмыспен қамтуға басымдық берілді.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-і кредиттік төлемдерін кейінге қалдырды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды.

Бұл коронадағдарыстың салдарын жеңілдетті дейді министр. Қазір бизнес қайта жанданып, барлық салада жұмыс жалғасып жатыр. Тіпті көбінде өсім бар. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 3,9; фармацевтикада 47, машина жасауда 16,3, жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға өсім бар. Ал құрылыс көлемі 11,2%-ке артып, биыл 15,3 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
-2020 жыл сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында біз оларды еңсере алдық. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында партияның сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет. Осының арқасында ең бастысы халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға жағдай жасалады.

Ал пандемияның кесірінен қазынаға өткен жылы екі жарым триллиондай түспей қалған. Десе де жоспар артығымен орындалды. Республикалық бюджетке 16 трлн 312 млрд, жергілікті бюджеттерге 3 трлн 191 млрд түскен. Игерілмеген қаржы 26 млрд. Оның 15-і министрліктерге, қалған 11-і әкімдіктерге тиесілі.

Өткен жылдың еншісіндегі көрсеткіштер осындай. Ал алдағы ауқамды міндеттер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады деді премьер.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу