Қазақстандықтардың 63 пайыздан астамы өздерінің азаматтық борышын орындады. Елдегі эпидахуалды ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Мұндай белсенділік қоғамның саяси санасының толысқандығын аңғартады. Алматылық сарапшылар сайлау туралы осындай пікір білдіріп отыр.
Орталық сайлау комияссиясының сайлау қорытындысына орай, белгілі саясаттанушы Серік Нұрмұратов та науқанға қатысты пайым-пікірлерімен бөлісті. Сайлау барысын зерттеп-зерделеген белді маман әр партия сайлауалды бағдарламасы мен тәжірибесіне сай дауыс жинады дейді. Сонымен қатар, саяси додадан кейінгі шыққан нәтиже – халықтың таңдауы екенін айтты.
Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы:-Бұл өзі күткендей «Nur Otan» алғашқы орынға шықты. Оның мүшесі де, тәжірибесі де көп.
Саяси додаға түскен партиялардың бағдарламасында әлеуметтік мәселелер көбірек қамтылған. Олардың сайлауалды насихаттары да қарқынды жүрді. Сондықтан, халықтың белсенділігі де жоғары болды. Сәйкесінше, кейбір партиялар сарапшылар болжаған көрсеткіштен асып түскен.
Алуа Ыбраева, философия ғылымдарының докторы:-Әр партия өзінің тәжірибесіне, ісіне, бағдарламасына, халықтың абыройына қарай дауыс жинады. Меніңше сайлау дұрыс өтті. Демократиялық таза жолмен, ашық түрде.
Жалпы, күні кеше өткен сайлаудың ерекшеліктері көп. Бастысы бұл науқан азаматтардың ел тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Қоғамның әлеуметтік қажеттіліктері жыл сайын өзгеріп келеді. Додаға түскен партиялар соған сай бағдарламалар түзгенін байқадық. Сондықтан, сайлауда белсенділік танытқан халық осы мәселелерді реттеуде де белсенділік таныту керек, дейді сарапшылар.
Нұрхан Нұрланұлы