Қандастарымыз өз таңдауларын жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қандастарымыз өз таңдауларын жасады

10.01.2021

Ақмола облысындағы Красный Яр кентінің "Нұрлы көш" шағын ауданында әлемнің 7 мемлекетінен қоныс аударған қандастарымыз тұрады. Алыстан ата жұртын аңсап келген ағайын ел болашағына ерекше маңыз береді. Сондықтан, бүгін олар бір кісідей сайлауға келді. 

"Нұрлы Көш" шағын ауданы 2009 жылы бой көтерді. Қазір 1300-ден астам тұрғыны бар. Оның шамамен 800-і сайлаушылар қатарында. Тұрғындар сайлау учаскесіне ұйымдасқан түрде барып, дауыс берді. Жырғау Туғанбай 2009 жылы Монғолиядан көшіп келген. Сол уақыттан бері елдегі барлық сайлауға қатысып келеді. 

Жырғау Туғанбай, Ауыл тұрғыны: 
2010-ыншы жылдан бері азаматтық алғанбыз. Содан бері барлық сайлауларға, конституциялық құқығымыз бойынша қатысып келеміз. Бүгінде міне өзіміздің парызымыз үшін, келешек Отанымыздың өркендеуі үшін, келешек ұрпақ жастар үшін өз таңдауымызды жасадық.  

Нұрбақыт Жандархан, Ауыл тұрғыны: 
Осы сайлауға дауыс беруге келдім. Дауысымды бердім, өз тандауымды жасадым. Өйткені әр Қазақстан азаматының борышы деп ойлаймын. Келешек ұрпақтарға да керек дүние бұл. Сайлауға қатынасу керек. 

"Нұрлы Көш" шағын ауданының тұрғындары Красный Ярдағы №3-інші сайлау учаскесінде тіркелген. Мұнда сайлаудың әділ, заңға сәйкес өтуінен бөлек, санитарлық талаптардың сақталуы мұқият орындалуда.   

Айжан Мұхамеджанова, Учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі:
Ара қашықтықтар барлығы сақталған барлық жерде. Температураны тексеріп тұратын кіреберісте адамымыз бар және барлықтарымыз 1 сағат сайын маскаларымызды ауыстырамыз, қолымыздағы перчаткаларды ауыстырамыз. Отырған жаңағы қадағалаушы кісілеріміздің де және біздің де барлығымыз ПЦР тестен өткенбіз.   

Жалпы, Ақмола облысына 26 жылда шетелден 40 мыңнан астам қандасымыз көшіп келген. Ел болашағына бей-жай қарамаған олар осы жолғы Мәжіліс депутаттары мен мәслихаттар елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етеді деп сенеді. 

Ермек Елберген 


Хабарламаларға жазылу