«Nur Otan» партиясы ауылдарды жаңғырту жобасын таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясы ауылдарды жаңғырту жобасын таныстырды

07.01.2021

Партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Қаладан бөлек ауылда да өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру мәселесі көтерілуде. Бұған қатысты саяси ұйымдардың өз жоспарлары бар.  

Қазақстан Халық партиясы сайлауға дайындық жұмыстарын пысықтады. Алматыдағы сайлауалды штабының кеңсесінде қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар мен партия көшбасшыларының онлайн конференциясы өтті. Сондай-ақ, партия мүшелері сайлау науқанының аралық қорытындысын шығарды. Өзекті мәселелерді талқылауға депутаттыққа үміткерлер қатысып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.  

Елена Герина, «Қазақстан халық партиясы» атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер: 
-Біз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген бір жарым айдың ішінде республиканың барлық өңірлерін аралап шықтық. Тұрғындармен кездесу кезінде түйгеніміз халықтың негізгі проблемасы - тұрғын үй мен әлемуеттік жағдай.  

«Nur Otan»-ның республикалық сайлауалды штабы Павлодар облысына барды. «Қазақстан Алюминийі» зауытының жұмысшыларымен кездесті. Экологияны жақсарту мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу және жыл сайын орташа алғанда зиянды шығарындыларды 3 мың тоннаға төмендете отырып, кәсіпорындарды жаңғырту жоспарлануда.  

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
-Павлодар облысында 45 мың жаңа жұмыс орнын ашу, 100-ден аса ауылды сапалы ауыз сумен қамту, 1 600 шақырым автожол жөндеу, мұқтаж азаматтарға 9 мың пәтер беру және 2 млн шаршы метр тұрғын үй салу мұратымыз бар.  

Саяси партия «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өңірде 170 ауыл жаңғыртылатынын, ал ел көлемінде 3 жарым мыңнан астам ауылдың тұрғындары үшін өмір сүру стандартын көтеру жоспарланып отыр,-деді.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Тораңғұл ауылына барды. Ауыл өмірін жақсарту, мемлекеттік қолдауды арттыру – бүгінгі таңда партияның басты ұстанымы. Сондықтан кездесуде тұрғындардың мәселесі тыңдалып, атқаратын шаруаларымен таныстырды.

Темірғали Әбілмәжінов, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы:  
-Ауылды көтерсек қазақтың құндылықтарын көтереміз. Бастық мақсат ауылды, елді мекендерді көтеру. Ауылды көтерсек қазақтың құндылықтары алдымыздан шығады.  

Қазіргі күні ауылшаруашылығы құрылымдары қолдауға зәру. Мемлекеттен бөлінетін демеуқаржы ұлғайса мал шаруашылығы да дамыр еді дейді шаруалар.

Петр Гольцер, кәсіпорын директоры:   
-Субсидиялар көлемін арттыру ұсынысы көңілге қонымды. Өйткені жыл сайын техниканың да бағасы артып жатыр. Осыған байланысты қазіргі бөлінетін демеуқаржы өте аз. Етті мал өсіретін шаруаларға тіпті қиын. Жем-азық сатып алуға бөлінетін субсидияны өсіру туралы ұсынысы да жақсы.  

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өз сауалдарын қойып, базыналарын жеткізді.

«Полемикалық экономика». Дәл осындай атаумен «Ақ жол» партиясының бүгінге дейін атқарған істері бір кітапқа жинақталды. Оның салтанатты тұсаукесері саяси ұйымның елордадағы кеңсесінде өтті. Ал, партияның өңірдегі өкілдері мен сайлаушылары оған онлайн форматта қатысты. «Ақ жол» партиясы әр 3-4 жыл сайын өткенге шолу жасап, атқарған немесе атқаруға оқталған істерін кітап қылып шығарады. Бұл жолғы жинаққа да саяси ұйымның соңғы бастамалары, депутаттық сауалнамалары және өткір мақалалары енгізілген.  

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы: 
-Көп сайлаушылар сұрақтарына дайын жауап бар. Ашасың да айтасың, мына мәселе бойынша көзқарасымыз мынадай, мына жерде осындай ұстанымды жеткіздік.  

Алматыда «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен спорттық эстафета өтті. Шараға қатысқан партия өкілдерінің бір бөлігі ел байрағы мен партия жалауын қолдарына алып, Медеу мұз айдыны маңынан жоғары көтерілді. Бұл межеден кейін желаяқтар Шымбұлақ шаңғы базасына дейін жетті. Туларды қабылдап алған тау шаңғышылары мен сноубордшылар биіктіктен төмен қарай сырғанады. Ал 100-ден астам адам қатысқан спорттық шара белсенділердің би флешмобымен аяқталды. Ақжолдықтар бұл шараны саяси аламанды қолдау мақсатында қолға алғандығын айтады.

Адал партиясының өкілдері елордалық волнтерлармен кездесті. Кездесуде негізінен медицина, білім беру және халықты баспанамен қамту мәселесі талқыланды.  

Алина Асқарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер: 
-Жалпы, аналар қалай кәсіп аша алады? Оның көптеген бағыты бар. Бұл қоғамдық тамақтануға қатысты шағын бизнес немесе қолөнер болуы мүмкін. Консалтингтік қызмет те көрсете алады.     

Шағын және орта бизнесті жандандырудың жолдары Солтүстік Қазақстан облысында өткен жиында да талқыланды. Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесуде партия өкілдері жастарды жұмыспен қамтудың бірнеше жолын ұсынды.

Қанат Баймұхамбетов, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер: 
-Егер біз жастардың мамандық таңдауына мектеп кезінен бастап мән берсек, олар немен айналысқысы келетінін әлдеқайда ерте түсінетін еді. Сондықтан кәсіпкерліктің негізін баланың бойына жастайынан сіңіру керек.   


Хабарламаларға жазылу