Қарағандыда аяз күшейгелі тұрғын үйлерге жылу жетпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда аяз күшейгелі тұрғын үйлерге жылу жетпей жатыр

07.01.2021

Қарағандыдағы көпқабатты үйлерде жылу мардымсыз. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы бірнеше күннен бері күшіне мініп тұр . Үйінде дірдек қаққан жұрттың арыз-шағымы көбейген. Жылу маусымы басталар алдында толық дайынбыз деген монополистер өздеріне шаң жуытпайды. Жылуды қажетті мөлшерде жеткізіп жатқанын алға тартып отыр. Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.  

Руслан Нұрланұлы, тілші:  
-Арқада аяз күшейгелі қарағандылықтардан маза кетті. Себебі тұрғын үйлерге берілетін жылу мардымсыз. Біз бас сұққан қай пәтер болсын мынадай тоқпен істейтін жылытқыш қосып отыр. Жылуға не үшін ақша төлейміз-деп тұрғындар дал. 

Махамбет Темірбаев азын-аулақ малын сатып екі ай бұрын ғана қалаға көшіп келген. Алайда берекесі қашты. Себебі пәтері суық, жылу мардымсыз. Азынаған үйден жиі ауыратын болдық,-дейді ақсақал,

Махамбет Темірбаев, қала тұрғыны: 
-Тоңып жүрміз. Келіншегім екі көрпеге оранып жатыр. Жылытатын аппарат қосып қойдық әр бөлмеге, газды түні бойы қосып қоямыз.  

Пәтер иелері кооперативінің төрағасы айтуынша сырттан келетін жылу жеткіліксіз. Пәтерлердің суып кетуі де содан. Жаздай жертөледегі құбырлар түгел ауыстырылған. Соған қарамастан температура көтерілмей тұр.

Ал жылу тарату қызметімен айналысатын компания магистральды құбыр тозған, сол себепті жылуды ұстамайтынын мойындап отыр. Оларға тиесілі 800 шақырым құбырдың 100 шақырымы ашық-шашық жатыр. Оны қалыпқа келтіру үшін қазынадан тек биыл ғана қаражат бөлінген.

Сергей Викторов, жылу тасымалдайтын компаниясының техникалық директоры: 
-Белгісіз біреулер қаншама құбыр қаптамаларын ұрлап, темір қабылдайтын жерлерге өткізіп жіберген. Ал жалаңаш құбарда жылу сақталмайды. Үйге жеткенше суып кетеді. Сондықтан біз оны басқа материалмен айырбастамақпыз. Жаңа технология қолданылады.  

Энергия орталығында да жағдай мәз емес. Қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Алайда жыл сайын жаңа үйлер салынып, қала өсіп келеді. Сондықтан 2022 жылы жаңа турбина мен қазандық салу жоспарланып отыр. Ал, қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев суық үйде дірдектеген халықтан кешірім сұрап, жылуға қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Жылуға жарымаған тұрғындардың коммуналдық төлем бойынша арыз-шағымдары да ескерілмек.

Руслан Нұрланұлы 


Хабарламаларға жазылу