Прокурорлар азаматтардың қылмыстық процестерде құқығын қорғау туралы жаңадан қабылданған заңның қалай жүзеге асып жатқанын таныстырды. Шараға Парламент сенатының депутаттары Владимир Волков, Сәуле Айтпаева және Сұлтанбек Мәкежанов қатысты. Бұдан былай негізгі процессуалдық шешімдер электронды форматта жүреді. Қылмыстық істің қалай атқарылып жатқанын тергеушілер және прокурорлармен қатар жәбірленуші де бақылай алады. Осы арқылы Президент Жолдауында айтылған тапсырма орындалып, Қазақстан үш буынды қылмыстық модельге біртіндеп көшпек. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың сөзінше мұндай жүйеге көшу уақытты үнемдеп, азаматтардың негізсіз жазалануына жол бермейді. Сондай-ақ, азаматтардың құқығын шектейтін нормаларды бір ғана орган қабылдамайды.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:- Бір орган қабылдаған кезде екінші орган қадағалап, заңдылығын тексеріп, азаматтардың құқықтарын шектейтін нормаларға тек қана прокурор баға бергесін заңды күшіне енеді.
Қуан Нұрақын