Әлемде коронавирустың таралуы бәсеңдер емес. Инфекцияның жаңа штамы тіптен өршіп, көптеген елдерде анықталып жатыр. Соның кесірінен, Ұлыбритания үшінші локдаун жариялауға мәжбүр. Еуропа түрғындары болса, екпе егу процесінің тым баяу жүргізіліп жатқанына наразы.
Британияда өткен тәулікте 58 мыңнан астам адам індетке шалдыққан. Коронавирустың жаңа штаммы жылдам тарап, мемлекет қатаң карантинге тағы оралды. Енді тұрғындарға үйден себепсіз шығуға болмайды. Білім ордалары қашықтан оқыту режиміне ауысып, азық-түліктен басқа дүкендер жабылып жатыр. Дәл осындай шектеулер Шотландия да енгізілді.
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:-Соңғы аптада ауруханадағы науқастар саны 3 есе өскен. Бұл – сәуірдегі рекордтық көрсеткіштен 40 пайызға жоғары. Инфекцияның жаңа түрімен күресті бірлесе жүргізуіміз керек. Егер вирус туралы тағы тың өзгерістер болмаса, вакцинация сәтті жүргізіліп, өлім-жітім азайса, әр адам талаптарды бұлжытпай орындаса, ақпанның орта шенінде шектеулер жеңілдейді деп сенемін.
«Ковидтің» мутацияланған түрі Грузия мен Грекияға да жетті. Инфекция шетелден барған азаматтардан анықталған.
Ал Испанияда өткен күні 30 мыңнан астам адам жұқпалы дертке шалдықты. Мамандар науқастар санының күрт өсуін мейрам салдарынан дейді. Елде мамырға дейін 20 миллиондай адамға екпе егу жоспарланған. Алайда халық бұл процестің баяу жүргізіліп жатқанына шағымдануда. Германия мен Франция билігі де осындай сынға ұшырады.
Штефен Зайберт, Германия үкіметінің ресми өкілі:-Егер барлық вакцина өндірушілердің өнімдеріне рұқсат берілсе, Еуропаның 450 миллиондай тұрғынын 2 миллиард дозамен қамтамасыз ете аламыз. Бұл кезең-кезеңімен орындалатын іс. Қазір тағы бір вакцинаны бекітіп жатырмыз. Препарат екпе салдырғысы келетіндердің барлығына жетеді.
Ал Кенияда 9 ай жабық болған оқу орындары ашылып,15 миллиондай оқушы сабаққа оралды. Алайда ата-аналар вирустың таралуы бәсеңдемегенін алға тартып, алаңдаушылық білдіріп отыр.
Жансая Қапасқызы