Ауаның, су мен топырақтың ластануын тоқтату үшін 50 ірі кәсіпорынға ең озық қолжетімді технологиялар енгізіледі. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде тиімді жүргізіліп, олар 15 жыл ішінде зиянды қалдықтарды 94%-ға азайтқан. Технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Ал бас тартса, керісінше эмиссия төлемі артады.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өткізген брифинге айтылды. Ведомство басшысы жуырда қабылданған экологиялық кодекстің негізгі басымдықтарына тоқталды. Енді «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидасы бойынша жұмыс жүргізіледі деді ол.
2030 жылға қарай елдегі орман алқабын 5%-ға арттыру жоспарланып отыр. «5 жыл ішінде орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады.
Бүгінде жылына 5 млн тоннадай тұрмыстық қалдықтар шығарылса, оның 15%-ті ғана қайта өңделеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан асады. Бұл мәселені шешу үшін Waste To Energy технологиясы пайдаланылмақ. Яғни қоқысты өртеп, одан электр қуаты шығарылады.
Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:-Бүгінде 6 пилоттық қала анықталды. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. Пилоттық жобамыз сәтті болса, басқа қалаларға да орнатамыз. Осы технологияның арқасында біз 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейін 30%-ға, яғни орта еуропалық деңгейге дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Ақниет Балтанова